Еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашады
Қостанай облысы әділет департаменті басшысының орынбасары:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауын тыңдап, ерекше әсерге бөлендім. Себебі, маңызды құжат бүгінгі күннің маңызды мәселелерін дөп басты. Қазақстан халқына бұл жолғы Жолдауы алдағы уақытқа талпындырады, болашаққа деген сенімізді нығайтады.
Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді экономикалық дағдарыстан қиындықтарға ұрындырмай алып шығудың нақты жолдарын айқындап, басым бағыттарын көрсетіп берді. Дағдарыстың уақытша екенін, оны еңсерудің жолы қарастырылатынына сендірді. Бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан экономиканы дамытуға, жол салуға, халықтың әлжуаз тобына, шағын және орта бизнесті қолдауға қомақты қаражат бөлініп, тартылатынын айтты. Бұл еліміз үшін аса маңызды.
Егемен еліміз алған биіктер мен табыстар ұлтаралық татулық, өзара келісім мен бірліктің арқасында келіп отырғанын жас-тардың ойына сіңіру керектігі туралы пікірі көңілімнен шықты. Шынында да, еліміздегі бейбіт-шілік пен татулық, тұрақтылық – басты байлығымыз екені жасырын емес. Бүгін еліміз бағыт ұстап отырған "Мәңгілік Ел" болудың жолында барша қазақстандықтар жұмылған жұдырықтай қимылдап, ортақ Отанымыздың гүлденуіне үлес қосуы керек деуі де орынды. Иә, бүгінгі болашақ – өскелең ұрпақтың қолында. Жолдауда аға ұрпақтың қолымен жасалған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау қажеттігіне баса маңыз берді. Сондықтан бұл құжаттың біздің еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашатынына сенімім мол.
Сара жолды айқындаған құжат
"Шарқ" мәдени орталығының төрағасы:
Жақында Елбасымыз "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты жаңа Жолдауын жария етті. Әлемдік экономикалық дағдарыстың алдын алуға бағытталған бұл саяси құжаттың маңызы зор деп білемін. Себебі, Президент осы Жолдауында елімізді қалайда әлемдік экономикалық дағдарыстан аман-есен алып шығудың басым бағыттарын қарастырған екен. Биылғы Жолдауда еңбекақы, зейнетақы, жәрдем-ақы туралы көтерілмегенмен, дағдарыстың уақытша екендігі, еңбекақының да қысқармайтындығы айтылды. Сондай-ақ, "Бей-бітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген се-нім" деп халық арасындағы татулық пен бейбітшілікті сөз еткен Елбасымыз еліміз бағындырған белестер мен жетістіктердің де осы ұлтаралық татулық, өзара келісім мен бірліктің арқасында орын алып жатқандығын ерекше атап өтті. Сондықтан да біз де Елбасы Жолдауына қолдау білдіріп, елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтап, болашағымызды баянды ету үшін әлі де аянбай еңбек етуіміз қажет. Біздің тағы бір қуанғанымыз, Президент келер жылды "Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы" деп жариялады. Өйткені, 2015 жылы көптеген ұлт өкілдерінің басын құраған Ассамблеяға 20 жыл толмақ. Сол себепті, еліміздегі өзге этностық мәдени бірлестіктер де бұл Жолдауға азаматтық қолдау білдіреді деген бек сенімдемін!
Баспанаға қол жеткізу баршаның арманы
Марғұлан Бәкір,
"Қазақстан – 2050" жалпыұлттық қозғалысының" өңірлік мүшесі:
– Биылғы Елбасының "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауын мұқият оқып шықтым. Жолдауда көп маңызды әрі орынды мәселелер көтерілді. Мен үшін ең маңыздысы баспана жайы еді. Себебі, бүгінгі күннің бүлкіліне айналған, маңызды жағдай осы баспана деп ойлаймын. Өзім жас отбасымын. Қалаға арман қуып келгеніме он жыл болыпты. Осы он жыл бойы бір баспанаға қол жеткізсем деген арманның жетегінде жүрмін десем, артық айтқаным болмас. Мен де, өзге де мен сияқты жастар да күткендей, Елбасы баршаның жағдайын ойлап, несиеге баспана алудың жаңа жолдарын айтты. Елбасы: "Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімде жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оны сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі" деп өте орынды айтты. Сол күні теледидарда беріліп жатқан жаңалықтарда "енді қаңғырған қазақ болмайды" деп қуанышты ақпараттарды таратып жатты. Бүгінде үй аламын дегендер үшін алғашқы жарнаның көптігі мен пайыздың жоғарылығы кедергісін тигізіп отырғаны шындық. Енді, Жолдауда айтылған жайттар орнымен әрі тез орындала қойса тамаша болар еді. Баспана жайы – баршаның басты мәселесі. "Үйі жоқтың күйі жоқ" деп бекер айтылмаған. Жолдауда көрсетілгендей, 2015-16 жылдары тұрғын үйді қаржыландыруға қосымша 180 миллард теңге бөлінсе, қаншама қазақстандық жағдайын түзеп, отбасында береке орнар еді. Мен Елбасының бас-тамасына сенемін, қолдаймын.