Министрдің аймағымызға сапары

Ведомство басшысы полиция қызметін жетілдірудің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру бойынша Президент берген тапсырмаларды орындау барысымен танысты. Біріншіден, бұл халықпен жұмыс істеудің сервистік модельді, «Полицияның қадамдық қолжетімділігі» принципін және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу.

«Жергілікті полиция қызметін жетілдірудегі біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасы – учаскелік полиция инспекторының тиімді қызмет атқаруы үшін біз барлық жағдайларды жасауды жалғастыратын боламыз», – дейді ІІМ басшысы.
Министр қала орталығындағы жиырма төрт мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін «Набережный» тірек бекетіне ат басын бұрды. Мұнда құқық бұзушылықтың алдын алуда жергілікті шерифтердің жұмысы өте маңызды екенін баса айтты.

Сондай-ақ, Е.Тұрғымбаев полиция бөлімдерінің техникалық тұрғыда нығайтылу жағдайын және жедел басқару орталығының жұмысын тексерді. Ол 211 бейнебақылау камерасын, соның ішінде «Қауіпсіз аула» жобасы аясында тұрғын үй аулаларында орнатылған 60 бейнекамераны қамтиды. Камералардың көмегімен жыл басынан 60 қылмыс ашылып, 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Бейне камералар санын ұлғайту нәтижесінде облыс орталығында көше қылмыстарын 40 пайызға дерлік төмендетуге қол жеткізілді.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың штаттық санын ұлғайтуға басты назар аударған болатын. Бүгіндері Қостанай облысының әрбір полиция бөлімінде осы бағытта жұмыс істейтін 19 инспектор тағайындалды.
Министр жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жергілікті полиция қызметін жетілдіру, сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары дәрежесін арттыру басым бағыттар екенін баса көрсетті.

Суреттерді түсірген С.Миронов