Бизнестің бастауы
Бизнесті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ұтымды идеяны таңдау, жоспар әзірлеу, салық төлемдерінің тәртібін түсіну, сатуды жолға қою қиын шаруа. Мұның бәрін үйрететін жоба бар. Ол «Бастау Бизнес» деп аталады. Қазіргі уақытта Қостанай қаласында аталған жоба арқылы арнайы курсты оқып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі – Даниил Мергасов.
Кейіпкеріміз былтыр бір айлық курсты оқып, мемлекеттік грантты жеңіп алған. Шамамен бес жүз мың теңгенің айналасында грант алып, сол қаражатқа СММ агенттігін ашты. Яғни, жарнама агенттігі. Агенттік сайт жасаумен айналысады, әлеуметтік желілерде таргет, жарнама жасайды. Маркетинг, СММ саласы қазіргі заманның нағыз сұранысқа ие мамандығы ғой. Сондықтан, Даниил алдағы уақытта жеке кәсібін одан әрі жандандыруды жоспарлап отыр.
– Өзімнің бизнес жобамды қорғап, оны жүзеге асыру үшін грант жеңіп алдым. Қазіргі уақытта екінші рет грант алуға талпыныс жасап жатырмын. Болашақта бастаған кәсібімнің аясын кеңейткім келеді, – дейді Даниил.
«Бастау бизнес» жобасы «Еңбек» мемлекеттік бағдарласы шеңберінде жүзеге асып келеді. Бұл бағдарламаға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, қоныс аударғандар мен қандастар қатыса алады. Мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды. Өтінім беру үшін жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек. Онда мамандар сіздің мақсатты аудаторияға сәйкес келуіңізді тексереді. Оқуға жолдама беріледі.