«Ashyq» жобасы іске қосылуда

Қостанай қаласында «Ashyq» жобасын іске қосу жұмыстары жедел жүргізілуде. Осы мақсатта қала әкімі Қ.Ахметов сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету салаларындағы ірі кәсіпорындардың басшыларымен кездесті. Кеңесте кәсіпкерлік нысандарына «Ashyq» жобасын енгізу бойынша іс­-қимыл алгоритмі түсіндірілді.
Биылғы жылдың 5 мамырынан бастап, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилотты жүргізу» Қаулысы заңды күшіне енді. Бұл жоба тұрғындар арасында Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмау, алдын алу мақсатында жасалып отыр. Жаңа жоба қоғамдық тамақтану, білім беру, қызмет көрсету, көлік, мәдениет, спорт нысандарында енгізіледі. Қостанай қаласының аумағында 276 объект «Ashyq» пилоттық жобасының әлеуметтік қатысушылары болып белгіленді. Оның ішінде 36 субъект осы платформаны енгізеді, тағы отыз кәсіп-
орын QR кодын алуға өтінім берді.
– Ұлттың денсаулығы, азаматтардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары деп есептеймін. Сондықтан, мен қаланың бизнес қоғамдастығының өкілдерін коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру бойынша ортақ іске өз ілестерін қосуға шақырамын. «Ashyq» жобасын енгізуді белсенді қолдау қажет. Басшылар әрбір келушіге осы платформаның қажеттілігін жеке түсіндірулері тиіс. Түсіндіру жұмыстарын халық арасында кеңінен жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтауды әркім өз отбасынан бастауы қажет. Біз жаңа жобаның жұмысын жандандыру мақсатында қаланың бизнес өкілдерімен кездесіп, мерзімді кеңестер өткізетін боламыз, – деді қала әкімі.
Аталмыш қосымша туралы толығырақ ақпарат бергеніміз жөн болар. «АSHYQ» жобасы еліміздегі кәсіпкерлердің қызметіне қолдау білдіру және бизнес субъектілерінің жұмысын жандандыру мақсатында іске қосылды. Қазіргі күні республикамыздың барлық аймақтарында пилоттық режимде енгізілді. «Ashyq» мобильді қосымшасын «Атамекен» ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген.
 «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін, оның вирус тасымалдаушысы емес екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нысандардың келушілерді қабылдауға әзірлігін және олардың санитарлық талаптарға сәйкестігін көрсетеді. «QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Келуші «Ashyq» мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялаудан өтуі (ЖСН енгізуі) және мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға бағытталған.
«Ашық» жобасына қатысуға ниетті кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайты арқылы өтініш береді. Оларға арнайы QR код беріледі. Сәйкесінше, әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісіне QR код жүйесі орнатылады. Келушілер мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, нөмірі бойынша тіркелуі тиіс. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Сол кезде 4 түстің біреуі жанады. ПТР тест тапсырмасаңыз және вирус жұқтырмаған болсаңыз – КӨК түс, ПТР тест тапсырып, теріс нәтиже көрсеткен болса – ЖАСЫЛ түсі жанады. Ал науқастармен байланыста болғандарға – САРЫ, коронавирус жұқтырғандарға – ҚЫЗЫЛ түс шығады. Сары мен қызыл түс көрсетсе, сіз фитнес орталықтары, спа салондары, бассейін, сауна мен компьютер клубтарына кіре алмайсыз. Смартфонына қосымшаны жүктемеген тұрғындарға мекеме қызметкерлері көмектеседі. Яғни, азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) тексеру арқылы оның мәртебесін анықтай алады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓