Екпе алушылар саны арты
Жуырда Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовтың қатысуымен «Облыс орталығы тұрғындарын вакцинациялау барысы» тақырыбында кездесу өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Е.Спанов, қалалық медицина мекемелерінің бас дәрігерлері, мемлекеттік мекемелердің, коммуналдық қызметтердің, ірі өндірістік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің басшылары қатысты.
Қостанайда 1-ақпаннан бастап қазірге дейінгі аралықта 28 мыңға тарта адам вакцинаның бірінші компонентін, 12660 адам екінші компонентті алған. Халықтың барлық санаттарын иммундау үшін «Gam-Covid-Vac» және «QazVac» вакциналары қолданылды.
Денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдарының қызметкерлері тікелей адамдармен жұмыс істейтіндіктен, вакцинациялау мәселесінде аталған саланың мамандары көпшілікке үлгі болуы тиіс. Қала әкімі Қ.Ахметов тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық саласында қалалық коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлеріне ұжымдық иммундау бойынша кесте құруды тапсырды. Сондайақ, шаһар басшысы халық көп жиналатын жерлерде қосымша вакцинация орталықтарын ашуды ұсынды. Мысалы, орталық базар, «Складская» азықтүлік базарының аумағы күн сайын адамға лық толады. Осындай қоғамдық орындарда қосымша вакцинациялау орталықтары ашылса артықтық етпейді.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Спанов бірінші кезекте медицина мекемелерінің қызметкерлерін вакцинациялауға, сондайақ еңбек ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды. Е.Спанов: «Мобильді топтар ірі кәсіпорындарды қамтуы керек. Сондықтан 70 адамнан тұратын топтар қаланың емханаларына өздері барып, вакцина салдырғандары дұрыс» деді. Облыс әкімінің орынбасары халықты вакцинациялауға шақырып, мұндай маңызды іс-шараға облыс орталығындағы жеке клиникалардың да үлес қосқаны маңызды екенін айтты.
Бүгінгі күні қалада он вакцинациялау пункті бар. Олар «Қостанай плаза» ғимаратының үшінші қабатында, бизнес орталықтың 9-қабатында, «Емшан» сауда үйінің 4-қабатында, «Апельсин» сауда, ойын-сауық орталығының 2-қабатында, Абай даңғылындағы «Астықжан» супермаркетінің 1-қабатында орналасқан.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. Сақтық шараларын ескеріп, екпе алу арқылы біз қалыпты өмірге қайта ораламыз. Вакцинациялаудың қаншалықты маңызды екенін еліміздегі білікті мамандар, әлемдік деңгейдегі мықты ғалымдар да айтуда. Сондықтан, кеселдің алдын алудың негізгі жолы екпе алу екенін ескерейік.
Суретте: әкімдіктегі кездесуден көрініс.