Мереке күнгі сый-тарту

21 мамыр – еліміздің мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. 2013 жылы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес бұл күн мереке ретінде белгіленген болатын.
Бүгін І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры айтулы күнге орай көрерменге арнап әуезді-сазды құттықтауын жолдады. Өнер ұжымының өзі әзірлеген концертте актерлер би билеп, ән айтып, өлеңдер оқыды, тіпті, домбырада күй тартты.
Айта кетейік, кейінгі буын жас сахнагерлер спектакльдерден бөлек, хормен әндер орындау жағын жақсы меңгеріп келеді. Оған жуырда қызметке кіріскен хормейстер Ақния Жеңіс жетекшілік етеді. Ал Ілекең театрына келгеніне көп болмаса да, жас сазгер Жарқынбек Деріпсалдин труппа арасынан әп-әдемі аспаптық ансамбль жасақтапты.
Ұжымды арнайы құттықтай келген облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова барлық өнерпаздарға шығармашылық табыс, кәсіби биіктерді бағындыруын тіледі. Осыдан 21 жыл бұрын өнер ордасының негізін қалаған, сол тұста өңіріміздің мәдениет басқармасына жетекшілік еткен ҚР Мәдениет қайраткері Римма Ғайсенованың кеудесіне «Ілияс Омаров» төсбелгісін тағып, 20 жылдыққа арнап шығарылған «Темірқазық» кітабын тарту етті. «Ілияс Омаров» төсбелгісін тағу құрметіне осы ұжымның қалыптасқанынан бері фотосуреттерге түсіріп келе жатқан Сейітқали Камалов, жарық беруші Серікбай Ержанов, театр негізін қалаушы ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытжан Таңатқанұлы, актерлер Күләй Ахметова, Ерхан Барақов ие болды.
Аймақ басшысының орынбасары шара соңында мерекелік күнге әзірлеген тосынсыйдың барын айтып, барша ұжым мен көрерменді далаға шығуға шақырды. Бұл тосынсый – қаңтар айында өнер ордасын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов табыстаған сертификатқа алынған автобус.
Қостанайлық «СарыарқаАвтопром» компаниясы құрастырған EURO-5 стандартына сай көліктің іші жайлы, қыста жылы, жазда салқындатқышы бар. Шығармашылық ұжым енді көп орынды кең автобуста талай гастрольдік сапарлар мен фестивальдерге барып, аймақ намысын қорғай береміз десіп жатты.
   
   
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓