Қостанайда жалпықалалық сенбілік өтті

Жыл сайын көктемнің келуімен өңір тұрғындары сенбілік тазалық жұмыстарына кіріседі. Аумақтар сыпырылып, абаттандыру және көгалдандыру іс-шаралары аясында көшелерді, скверлерді, саябақтарды, үйлердің маңы және басқа да жалпы пайдалану орындары ретке келтіріледі.
Биыл да 22 сәуір күні Қостанай қаласының әкімшілігі халықты, кәсіпорындар мен мекемелер, сала және меншік иелерінің еңбек ұжымдарын, көп пәтерлі, жеке меншік үйлердің тұрғындарын іргелес аумақтарды жинау бойынша экологиялық іс-шараларды ұйымдастыруға шақырды. Өз қаласына шын жанашыр қостанайлықтар аянып қалған жоқ. Бір жағадан бас шығарып, қала жұртшылығы сенбілікке шығып қайтты.
«Қалалық әкімдік қызметкерлері Пушкин көшесі бойымен Қайырбеков көшесі қиылысындағы полиция департаментінің санитарлық бөлімі орналасқан аралықтағы аллеяға дейінгі аралыққа жауапты. Бұдан бөлек, MART сауда ойын-сауық орталығы, «Баян Сұлу» АҚ, №10, 2, 18, 20 мектептердің аумағы қамтылды. Заңсыз лақтырылған қоқыстарды да шығару жоспарланған. Олар Тәуелсіздік 117, Кочубея 7 мекенжайларында, – деді Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Самат Жанділдин.
Сенбілікке сонымен қатар орта арнаулы білім ордалары, колледждер, кәсіпорындар да тартылып отыр.
«Бүгін жылдағы дәстүр бойынша алғашқы жалпықалалық сенбілікке шығып отырмыз. Тазалық науқанына 1,5 мың адам жұмылдырылып отыр. Бұған мердігер мекемелердің қосқан үлесі зор екенін атап өту керек. Мұндай экологиялық сенбіліктер екі ай бойы жалғасатын болады», – деді қала әкімінің орынбасары Саят Шаймұрынов.
Қостанай қаласындағы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ақтоты Айтмағанбетова да бұл күні кабинеттегі жұмыс орнын табиғатты таза ұстау шарасына алмастырыпты. Қалалық білім бөліміндегі әріптестерімен бірге қолына күрек-кетпен, сыпырғыш алған. Және барша қала тұрғындарын дәстүр бойынша өтіп тұратын «таза бейсенбі» сенбіліктеріне белсене қатысуға шақырды.
 
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓