Жазатайым оқиғалар көбеюде
Облыстағы кәсіподақтар орталығында еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге арналған "Қауіпсіз еңбек" бағдарламасына қол қойылды. Бұл іс-шара үш тараптың – "Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Ирина Аронованың, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Ержан Тоқтағұловтың және кәсіпкерлік қызметіне жәрдем беру облыстық қауымдастығының директоры Валентина Шмонинаның қатысуымен өтті.
Бағдарлама өндірістік жарақаттар мен жазатайым, қайғылы оқиғалардың санын азайту, кәсіптік аурулардың алдын алу, еңбек қатынастарын жақсарту мақсатында жасалып отыр. Кәсіподақтардың бастамасымен әзірленген бағдарлама 2021-2023 жылдарды қамтиды.
Соңғы жылдары жұмыс орындарында жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шегіп, кәсібіне байланысты ауруға шалдығып жатқан адамдардың саны арт-қан. Мысалға, 2020 жылы біздің облыста өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 140 адам зардап шеккен. Өкінішке қарай, 11 оқиға адам өлімімен аяқталды. Яғни, Қостанай облысында өндірістегі еңбек қауіпсіздігі деңгейінің төмендігін көрсетіп отыр. Осы жылдың өзінде, соңғы бес айда 32 адам зардап шеккен. Қуанышқа орай, адам шығыны жоқ.
– Өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтаудың қаншалықты маңызды екені пандемия жағдайында анық байқалды. Бұл мәселе әрқашан назарда болуы керек. Жоғарыда аталған көрсеткішті азайту мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Қостанайлықтардың еңбектегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуга арналған бағдарлама жақсы нәтиже береді деген үміттемін, – деді "Қостанай облысының кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Ирина Аронова.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.