Ұлт саулығы маңызды
«Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының жанынан Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, алғашқы отырысы өтті. Кеңестің мақсаты – алдағы бес жылда «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты облыстық сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін дайындалған Жол картасындағы негізгі көрсеткіштердің орындалуына бақылау жасау.
Отырысты жүргізген «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанар Куйшинова кеңес құрамын таныстырды. Кеңестің төрайымы болып «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі Татьяна Булгацевич бекітілді. Ол денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды жақсы білетін тәжірибелі маман.
Жиында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты облыстық сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың баяндамасы тыңдалды. Денсаулық сақтау басқармасының өкілі материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін тек облыстық бюджеттен медициналық жабдық сатып алуға қомақты қаражат бөлінгенін және медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңарып, «кешенді медициналық ақпараттық жүйе» енгізілетінін баса айтты.
– Партияның басты мақсаты мен құндылығы – азаматтардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту. Халықтың әлауқатын одан әрі арттыру – Елбасы саясатының негізгі басымдығы. Осы ретте 4 ірі ауруханада орталықтандырылған оттегі желісі орнатылғанын айта кетейік. Олар: облыстық аурухана, Қостанай және Рудный қалалық ауруханалары, Тобыл қаласындағы фтизиопульмонологияның аймақтық орталығы. Жоғары ағынды оксигенация құралдары сатып алынды. Рудный қалалық ауруханасына МРТ аппараты сатып алынды. Одан бөлек 111 жедел жәрдем көлігі және жедел жәрдем қызметіне арналған 50 реанимациялық көлік, 10 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. 181 желдеткіш және отандық өндірістің 17 сандық рентген жүйесі, 5 компьютерлік томограф, 23 ультрадыбыстық сканер, 7 қондырғы, суды тазартатын гемодиализ аппараттары және басқа да көптеген медициналық жабдықтар алынды. Сондай-ақ, 717 оттегі концентраты бар», – деді Анжела Айдарбекқызы.
Отырыстың соңында кеңестің 2021 жылға арналғын жұмыс жоспары бекітіліп, ұсыныстар қабылданды.