“Тобыл” кезекті үш ұпайын алды

Футболдан Olimpbet Қазақстан чемпионатының 12-турында "Тобыл" Қостанайда "Қызыл-Жар" командасымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Петропавл қаласының командасы әзірге аз гол жіберген ұжымдардың қатарында. "Тобыл" қақпасына жеті гол енген, ал қызылжарлықтар он допты өткізіп алған, оның екеуі Қостанайда соғылды.
Тобыл-Аренада өткен матчтың бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Алайда, жергілікті команданың сәл де болса басым екені көрініп тұрды. "Қызыл-Жар" қорғаушылары ешқандай қателік жібермеді. Екінші кезеңде шабуылды үдеткен қостанайлықтар дегеніне жетті. Оң қапталда ойқастаған шабуылшы Тони Сильва екі қорғаушының ортасынан тіліп өтіп, әріптесіне дәл пас берді. "Тобылдың" мергені Неманья Николич ала допты қақпа ішінде тулатты. Есеп – 1:0. Бұл 62-ші минут еді.
Ойын қарқыны одан әрі үдей түсті. Қызылжарлықтар абдырай бастады. Айып алаңында қорғаушының қолы допқа тиіп, пенальти белгіленді. Он бір метрден гол салуға Манзорро талпынып көрген, тепкен добын Мирослав Лобанцев қағып тастады. Жанкүйерлер демін ішке тартып, "қап-ай" десіп қалған. Үміт оты тез тұтанды. Доп тебілмей жатып, қақпашы белгіленген сызығынан шығып кетіпті. Ереже бұзылды. Ысқырық. Пенальтиді қайта тебу керек. Осы кезде Мирослав Лобанцев төрешіге қарсы артық ауыз сөз айтып, алаңнан қуылды. Оның орнына Алмат Бекбаевты шығарды. 77-ші минут. Он бір метрлік нүктеге Серікжан Мужиков көз қадап тұрған. Тепті. Есеп еселенді – 2:0.
"Тобыл" кезекті үш ұпайын алып, чемпионаттағы екінші орнын сақтап қалды. Әзірге жеңілмеген "Астана" бірінші тұр, үшінші орында – "Ақжайық".

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓