«Тобылға» тіл тиді ме?

Футболдан биылғы ел чемпионатында «алтыннан» үмітті клубтардың басында Қостанайдың «Тобылы» тұр. Десек, осы маусымның екінші айналымы қостанайлық аяқ-доп шеберлері үшін сүреңсіз өтті. Владимир Газзаев бастаған бапкерлер тобы жұмысын босатса, Клещенко, Гордейчук сынды тәжірибелі футболшылар да маусымды аяқтамай елдеріне қайтты. Алайда…
Команда дамудың жаңа бағытын жариялады. Бұл дегеніміз не? «Тобылдың» көздегені қайсы? Чемпиондық бәсекеге әлі де таласып отырған клубтың «бағытына» өзімізше барлау жасайық.hYs-R_silOg
 
Біз білетін «Тобыл»
«Тобыл» жаңа ғасырға аяқ басқан тұстан бері ел біріншілігінде жүлдесіз қалып көрмеген. 2002 жылдан бастап, жеті маусымда төрт рет күміс жүлдегер атанып, үш рет қола медаль иеленген болатын. Тек 2009 жылы жүлдеге бір табан жетпей, төртінші орынды қанағат тұтты. «Тобылдың» осы жылдардағы жоғары жетістіктерін Владимир Муханов пен Дмитрий Огай сынды білікті бапкерлердің ерен еңбектерімен ұштастыруға болады. 2003 және 2007 жылдары «Тобыл» УЕФА-ның Интертото кубогында атой салып, Еуропаға жол салды. 2007 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алды. 2009 жылдың желтоқсанында команданың бас бапкері болып Ресей маманы Равиль Сабитов тағайындалды. 2010 жыл Сабитов үшін де, Қостанай жанкүйерлері үшін де өте сәтті болып, «Тобыл» Қазақстан чемпионы атанды. Неше жыл бағы жанбай, «алтынға» қолы жетпей жүрген «Тобылдың» асығы алшысынан түсіп, айдарынан жел есті. Бірақ, маусым аяқталысымен команданың белді ойыншылары басқа клубтарға кете бастады. Осыдан соң қостанайлықтар ел чемпионатының жүлдесі тұрмақ, алғашқы алтылығынан орын тебе алмады. Тек 2018 жылы команда қоржынға «қола» жүлде салды.NIHV9i-pkYY
 
Сәтті басталған сценарий
Маусым басында «Тобыл» тізгінін ресейлік маман Владимир Газзаев ұстады. Оның бастапқы көрсеткіштері футболсүйер қауымның таңдайын бір қақтырды. «Тобыл» көкшелік «Оқжетпесті» ұтып, бесінші жеңісін тойлады. Осылайша, Владимир Газзаев шәкірттері Қазақстан чемпионаты тарихындағы жеке рекордын орнатты. Бұған дейін 2006 жылы Дмитрий Огай баптаған команда маусым басындағы төрт ойында ұпай жоғалтпаған-тын. Бұл аз десеңіз, «Тобылдың» төрт бірдей ойыншысы мергендер көшін бермеді. Азат Нұрғалиев 7 гол соғып, маусым айының басына дейін үздіктер қатарынан түспеді. Команда Газзаевтың жетекшілігімен Қазақстан кубогының жартылай финалына дейін жетті.es0n-yZGgH0
Алғашқы турлардан соң команданың негізгі құрамы анықталды. Әзірбайжандық Еміл Балаев қақпаны күзетсе, Александр Клещенко, Фернандер Кассай, Виктор Дмитренколар қорғаныста сауатты ойнады. Газзаев бапкер әмбебап ойыншы Джаба Канкаваны қорғаушыларға жақын қойды. Грузия капитаны алаңның бұл шебінде де өзінің мықты екенін көрсетті. Оның отандасы Ника Квеквескири бастаған орталық жартылай қорғаушылар мінсіз ойнады. Шаубыл шебінде – Азат Нұрғалиев пен Максим Федин. Оларға Бауыржан Тұрысбек, Сенин Себай, Михаил Гордейчуктер көмектесіп отырды. Міне, бұл футболшылар – қостанайлық клубтың басты «көзірлері» болды. Тіпті, негізгі құрамға жиі іліге бермейтін Руслан Валиуллин, Никита Бочаров, Самат Жарынбетов, Сұлтан Әбілғазылар кей ойындарда команданы жеңіске сүйреді.6fMFVRgFoyI
 
Жеңіліске жетектеген «Женесс»
Иә, «Тобылдың» биылғы сәтсіздігі – Еуропа лигасы жарысынан шығып қалғаны. Люксембург елінің командасы «Женнестен» жеңіліп қалған «Тобыл» расымен ұятқа қалды. Кейбірі бұл матчтың «Астана Аренада» өтуі жеңілістің себебі деп ақталды. Люксембургтегі бірінші кездесуді «абайсыздықта болған іс» деген қостанайлық шеберлер қарымта матчта барды салатынын айтты. Бірақ, бәрі керісінше аяқталды. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталып, «Женнес» командасы сырт алаңда соғылған голдың көмегімен келесі кезеңге өтті. Әуесқойлар командасының бас бапкері Николае Хайсманн кездесу соңынан соң тілшілер сауалына жауап берді.
«Біздің жылдық бюджетіміз «Тобылдан» 6 есе кем деп ойлаймын. Себебі бізге 500 мың еуро ғана бөлінеді. Командамдағы ойыншылардың футболдан өзге де жұмыстары бар.Нұр-Сұлтан қаласына осыдан 13 күн бұрын жиналып, жаттығу жұмыстарын бастадық. Олардың көбі күндіз өз жұмыстарында жүреді де, кешке жаттығуға келеді», – деп ағынан жарылды.
Міне, ұят деп отырғанымыз осы. «Тобыл» әуесқойлар құрамасынан ұтылды. Дегенмен, бас бапкер Газзаев: «Бұл – футбол. Онда бәрі болады», – деп, бір-ақ кесті. Мұнан соң өзі де клубтан кетті. Айтпақшы, Газзаев «Ақтөбе» футбол клубын жаттықтырып тұрғанда Эстонияның ортаңқол ұжымы «Нымме Кальюдан» жеңіліп, Еуропа лигасынан шығып қалған-тын. Мықты қарсыласқа тап болып, сәтсіздіктің кесірінен жеңілсе мақұл дер едік…NIHV9i-pkYY
 
Сәтсіздіктер сериясы
«Тобыл» бесінші шілде күні өз алаңында «Астанамен» кездесіп, 0:2 есебімен ұтылды. Жеңілістер жолы мұнымен тоқтаған жоқ. Қостанайға «Қайрат» келіп 5 гол соқты, «Қайсар» келіп 2 гол соқты. «Тобыл» біріншілікте төрт ойында жеңіске жете алмады. Айта кетейік, жоғарыда аталған үш ойында команданы үш бапкер жаттықтырды. Владимир Газзаев кеткен соң Евгений Антонов тізгін ұстап көрді. Мұнан соң «Тобылды» жаттықтыруға қазақ футболының аңыз ойыншыларының бірі Нұрбол Жұмасқалиев келді. Аға бапкер ретінде атақты футболшы Данияр Мұқанов таныстырылды. Сонымен қатар, команда дамудың жаңа бағытын жария етті.
«Қостанай клубында негізгі команданың құрамына түбегейлі өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Футболшылар қолданыстағы келісім-шарттар аяқталғанға дейін команда намысын қорғауды жалғастырады. Техникалық директор Владимир Нидергаус пен жаттықтырушы Андрей Мирошниченко клубпен еңбек шартын үзді. «Тобыл» ФК ұжымы бірлескен жұмысы үшін аталған азаматтарға алғыс білдіріп, алдағы спорт мансабында сәттілік тілейді. Клубтағы өзгерістер дамудың жаңа векторын анықтау үшін жасалып отыр»,- делінген клубтың ресми сайтында.
Командадан ресейлік қорғаушы Александр Клещенко мен Беларус елінің шабуылшысы Михаил Гордейчук кетті. Сондай-ақ, қақпашы Андрей Пасеченко «Ертіске» жалға берілді. Клубқа қақпашы Жасур Нәрзіқұлов пен литвалық қорғаушы Витаутас Андрюшкявичюс келді. Қазақстан чемпионатының үшінші айналымы тамыз айының ортасында басталады. Әзірге, қостанайлықтар турнир кестесінің үшінші сатысында тұр. «Астана» – бірінші, «Қайрат» – үштікте. Бұларды «Ордабасы» мен «Қайсар» өкшелеп келеді.4iArX4rlBPU
Хош! Жарысты жақсы бастаған «Тобылға» әлі де сенім көп. Әуелі, жанкүйерлер үміті басым. Бәлкім, Нұрбол Жұмасқалиев бастаған жігіттер осы уақытша қиындықтың түйінін шешіп, көш басына қайта келер…mKHpWcJDpUg
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттер «Тобыл» ФК ресми сайтынан алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓