Қамыстыдағы жастар фестивалі
Қамысты ауданда тұңғыш рет жастар фестивалі болып өтті. Аталмыш шарада ауданның жалындаған жастары белсенділік танытты. Жастар арасындағы достық байланысын кеңейту мен нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, жас таланттарды және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуды көздеген тың бастама көптің көңілінен шықты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Ахметчин ашып, барлық қатысушыларға табыс пен таза жеңіс тіледі. Фестиваль спорттық және шығармашылық бағыттарда өтті. Спорттық іс-шаралар аясында шағын футбол, стритбол, қол күресі және street workout сияқты спорт түрлері қамтылды. Шағын футбол Мәдениет саябағының футбол алаңында өтті. Осы күні жауған жаңбырға қарамастан, командалар жеңімпаз атану үшін аянбай күш сынасты. Дәл осы уақытта № 2 ҚОМ спорт алаңында street workout жарыстары ұйымдастырылды. Бұл көшедегі спорт алаңдарындағы белтемір мен қырлы бөренелерде әртүрлі жаттығулардың орындалуын қамтитын спорт. Ал, № 1 ҚОМ спорт залында стритболдан жарыстар болды. Осы кезеңде қол күресінен жарыстар өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен фестивальдің шығармашылық бағыты мынандай өнер саласын қамтыды: Көркем сөз оқу, ән орындау және хореография. Байқау жеңімпаздары жас ерекшелігіне байланысты екіге бөлінді. Олар 14-18 және 19-29 жас аралығындағылар.
Фестивальдің соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен гала-концертке ұласты. Ол № 1 ҚОМ оқышулары «Сәнқойлар» стиліндегі жарқын флешмобпен ашылды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубоктармен, естелік мүсіншелермен және құнды сыйлықтармен марапатталды.