Ерлік ұмытылмайды
Сейсенбі күні Рудный қаласының "Горняк" мәдени кешенінде "Облыстың әскери даңқ кітабы" салтанатты түрде Қамысты ауданына жол тартты.
Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасы ұйымдастырып отырған игі шараға кеншілер қаласының басшылығы мен соғыс ардагерлері қатысты. Ең алдымен қонақтар фойеде ұйымдастырылған мұрағаттар мен естелік кітаптар көрмесін тамашалап, мәжіліс залына жиналды.
Мұнда алғаш боп сөз алған Рудный қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Досболов:
– Естелік эстафетасын Әулиекөл ауданынан қабылдап алған рудныйлықтар "Облыстың әскери даңқ кітабын" соғыс ардагерлерінің тың деректерімен толықтырды. Сіздер Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерліктеріңізбен жан аямай Отанды қорғаудың үлгісін көрсетіп, Жеңіс Туын желбіреттіңіздер. Сол кездегі жорық жолдарыңыз бен еңбек майданындағы қосқан үлестеріңіз ерекше болды. Еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылған бұл даңқты жолдарыңыз егемен еліміздің өскелең ұрпағына өнегелі жол, – дей келе ардагерлерге зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин Қостанай өңірі бойынша Ұлы Отан соғысына 73500 адам аттанғанын және оның 24,5 мыңы ғана оралғанын тілге тиек етті. Бүгінде Ардагерлер кеңесінің тікелей бас-көз болуымен соғыстан қайта оралмаған 49 мың отандасымызға арнап 6 томдық "Боздақтар" жинағы жарық көрген. Ал соңғы 5 жыл бойы 18 томдық "Олар жеңіспен оралды" кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Бұнымен қоса соғыста хабарсыз кеткен 13,5 мың қостанайлыққа арналған "Қайтарылған (Возвращенные) есімдер" атты жоба жүзеге асырылып отыр.
– Облыста 295 ескерткішті қайта қалпына келті-ру үшін қазынадан 177 млн.теңге бөлініп отыр. Құдай қаласа келесі жылдың 1-мамырына дейін барлық жұмыстар аяқталмақ, – дей келе соғыс ардагерлеріне жылы лебізін білдірді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын дәл осы құрамда сән-салтанатпен күтіп алуға шақырды.
Шара барысында қонақтарға арнайы деректі фильм мен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Ал Қостанай облысы әкімдігі ішкі саясат бас-қармасының басшысы Жанділдә Мақанов Жеңіс эстафетасын Қамысты ауданына салтанатты түрде табыстады.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
СУРЕТТЕ: Рудныйдағы салтанаттан көрініс.
Суретті түсірген автор.