“Мерейлі отбасы” байқауы басталды

Қостанай облысында жыл сайынғы "Мерейлі отбасы" байқауы басталды. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімованың төрағалығымен байқаудың ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті.
Күн тәртібінде байқаудың жаңа ережелері және үміткерлерге қойылатын талаптар талқыға түсті. 
"Мерейлі отбасы" – дәстүрлі байқау. Ол аймақта жетінші рет өткізілгелі отыр. Негізгі мақсаты – қоғамдағы отбасылық және моральдық құндылықтарды нығайта түсу. Сондықтан оны жоғары деңгейде өткізуіміз керек", – деді Б.Есімова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әуелі іріктеу кезеңдері облыстық аудандары мен қалаларында өтіп, әр өңірден 2 отбасыдан таңдалады. Байқаудың облыстық кезеңінде бір ғана отбасыға жеңіс беріледі. Жеңімпаз жанұя елордада өтетін салтанатты шараға қатысады. Осы жолғы ерекше жаңашылдықтың бірі – іріктеу комиссиясының жұмысы онлайн жүйесімен көрсетіледі.
"Отбасылар сынына қатысқысы келетін үміткерлер қажетті құжаттарды қалалар мен аудандар әкімдіктеріне 15 маусымға дейін өткізуі тиіс. 15-30 маусым аралығында аймақтық Байқау комиссиясы барлық материалды қарап, 2 жеңімпаз отбасының құжаттарын облыстық комиссия қарауына жібереді. 1-15 шілде аралығында облыстық Байқау комиссиясы 1 жеңімпаз отбасыны анықтайды", – дейді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бибігүл Аққожина. 
Айта кетейік, аталмыш байқау басталғалы бері 600-ден астам отбасы бағын сынаған. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, теміржолшылар, диқандар және басқа да көптеген сала өкілдері болды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓