Тұңғыш Президент күні алынып тасталуы мүмкін
Қазақстанда Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке мәртебесінен айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Норма бүгін, 7 қыркүйекте Мәжіліс отырысында қаралатын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілген.
"1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және қоғамдық маңызы жоғары әлеуеті бар өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау арқылы айқындау ұсынылды", – делінген Мәжілістің бейінді комитетінің қорытындысында.
Сонымен қатар, депутаттарға 25 қазанды мемлекеттік мереке – Республика күні деп белгілеу, сондай-ақ 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеу ұсынылып отыр.