Hayat-Vax қандай вакцина?

Hayat-Vax вакцинасы туралы не білеміз? Оның «Спутник V», QazVac екпелерінен қандай айырмашылығы бар? Қостанай облысында бүгінге дейін қанша адамға екпе салынды? Осы және өзге сұрақтарға Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Айтбаев кезекті баспасөз конференциясында жауап берді.
Қазір көпшілікке вакциналардың екі атауы ғана таныс: қазақстандық QazVac және ресейлік «Спутник V». Сондықтан спикер Қостанайға жақында ғана әкелінген екпенің ерекшелегін көбірек түсіндірді.
– «Спутник V» екпесінің бір құтысында бес доза болады, яғни, бес пациентке ашылады. Ал Hayat-Vax құтысында тек бір адамға арналған доза құйылған, – деп атап өтті Рүстем Айтбаев.
Тағы бір айырмасы – көшіруге, алып жүруге ыңғайлы. 2,8 С градусқа дейінгі температурада күйін жоғалтпай сақталады. Ал ұқсастығы – 18 жасқа толмағандарға, дәрігер рұқсат бермеген пациенттерге егілмейтіні.
Hayat-Vax – белсенділігі жойылған коронавирус инфекциясына қарсы екпе. Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Рас-Аль-Хайма қаласында қытай ғалымдары өндірген. Оны көбі «қытайлық өнім» деп санайтыны сондықтан. Қазір бұл вакцина араб елдерінде, Таяу Шығыс мемлекеттерінде, сонымен қатар, Қытайда кең танымал. Әлем бойынша 10 миллионнан артық дозасы қолданылған.
Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, өңірде отандық QazVac екпесі мөлшерлеген уақыттан бұрын бітіп қалған. Сұраныс көп. Осы айда келесі партиясы әкелінбек. Тұрғындар әзірге қалған екі вакцинаның бірін таңдай алады.
– Қостанай облысында вакциналаудың бірінші компонентін 73 мыңнан астам адам алды, ал екінші дозаны ектіргендер саны 23 мыңнан асады. 31 медицина ұйымы вакциналау жұмысына жұмылдырылған, – дейді спикер.
Қостанай қаласының №4 емханасына Hayat-Vax-тың мың дозасы жеткізілген. Үш күн ішінде отыз шақты адамға егілген. Дәрігер Нұргүл Ермағамбетованың айтуынша, бұл вакцинаны салдырған күні адамда сәл әлсіздік, аздап бас ауруы білінуі мүмкін.
Hayat-Vax екпесін Қостанайда алғаш салдырғандардың бірі – Ерлан Халықов. Жұбайы Ботагөз де аталған қытайлық өнімді таңдаған.
– Дүйсенбі күні емханаға өз еркіммен бардым. Қазіргі жағдайым қалыпты. Еш жерім ауырған жоқ, – дейді Ерлан.
Биыл Қостанай облысында 360 мың адамға вакцина салу жоспарланып отыр.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓