Ардақты ардагер
Ұзынкөл ауданының әкімі соғыс ардагеріне өздігінен жүретін арба сыйлады. Игі іске «Бексұлтанов», «Титов» шаруа қожалықтары мен «Крисс Гарр» ЖШС үлес қосты.
Әнуар Жүсіпов әскер қатарына 1942 жылы 10 мамыр күні алынған. Молотов қаласынан (қазіргі Пермь) 30 шақырым жердегі Южный стансасынан дайындықтан өтіп, шілде айында майдан даласына жіберілді. Калинин (Тверь) қаласын азат етуге қатысты.
«1942 жылдың 14-тамызында Успенко дейтін қала маңында жараландым. Жағдайдың қиындығы сондай, жаралыларды Калининге 22 күн дегенде зорға жеткізді. Оқ пен снаряд қарша борап тұрды. Госпитальға жеткенше жүдеп-жадап, жараларымыз құрттап кеткен. Ептеп қалыпқа келген соң, Мәскеуге әкелді. Үйге қаралы қағаз жіберіп қойыпты. Анам уайымға салынып, зар еңіреп отырса керек. Мүмкіндік туғанда амандығымды білдіріп, хат жаздым. 8 кластық білімім болған соң, «пайдаң тисін» деп, мені үйге жіберген жоқ, зауыттарға жұмысқа тұрғызды. Кейін қоймада, фабрикада істедім», – дейді ақсақал.
1945 жылы елге келген соң, жеті жылдық мектепте мұғалім болып, математикадан сабақ берді. Алайда, бұл қызметте көп істей алмады. Әкесі тоғыз ағайынды еді, оның үшеуі соғыстан оралған жоқ. Бала-шағасы Омбы жақта тұратын, соларға қарайласу үшін 1947 жылы Ресейге көшуге тура келді. Онда мал бордақылау алаңында ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. 1992 жылы Қазақстанға, атамекені Ұзынкөл жеріне қайта оралды.
«Тәуелсіздік алған жылы үлкен балам Сейітбаттал әскерден келген еді, үлкен той жасап, туған-туыстың ортасында сөз сөйлеп, елге қайтайық дедім. Ұлы атам діндар, ал әкемнің әкесі мыңғырған малы бар бай болған. Кеңес үкіметі кезіндегі түрлі қудалаудан Ресейге қоныс аударған ғой. «Енді бізді қаридың тұқымы, байдың баласы деп ешкім қудаламайды» деп, 15 үйді бастап, Чапай ауылына көшіп келдім. Содан бері еліміздің барлық жетістіктеріне куә болып келемін, қалқам», – дейді қария.
Ардагер зейнетке шыққан соң да қарап жатпады. Қоғамдық жұмыстарға араласып, аудандық газетке мақала жазып жүрді. Қазір де айтарын қағаз бетіне түсіріп тұрады. «Қостанай таңы» газетінің тұрақты оқырманы.
«Басылым арқылы аудан әкімі Мұрат Сандыбаев бастаған азаматтарға рақмет айтқым келеді. Мені қуантып тастады. Өзім басқарып жүргізетін арбаны сыйға тартты. Мұның өзі жарты миллион тұрады екен. Жақсы болды, осы арбамен бір мезгіл серуендеп, мешітке де барып келемін. Ардагерлерді ұмытпай, көңіл бөліп жатқан азаматтарға алғысым шексіз», –дейді майдангер.
Әнуар ата Шамсира әжеймен ұзақ жыл отасып, 10 перзент өсіріп бақты. Қазір әр баласы бір-бір шаңырақ. Жұбайының түйе қарап кеткеніне төрт жыл.
«Бейітіне күнде барып, дұға бағыштап тұрамын. Басына еккен 5-6 түп ағаш жайқалып өсіп келеді… Құдай берген бақ шығар, көп жетімге қарайластым. Бәрі өз орнын тапты. Омбыда тұрады көбі», – дейді Әнуар ата.
Ақсақал биыл 98 жасқа толады. Шөбере-шөпшектерінің ортасындағы әр күнді бақытқа балайды. Ұзағынан сүйіндірсін!
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.