Үмітті ақтады
Жас ұрпақтың бойында отан – сүйгіштік сезімді ұялату, өскелең ұрпақты еліміздің шежірелі тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу, ұрпақтар арасында сабақтастық қалыптастыру және жасөспірімдерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын насихаттау мақсатында Аманкелді аудандық балалар кітапханасы VІІІ аудандық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауын өткізген болатын. Осы сайысқа аудан орталығының 3 мектебі және ауылдық округтердің мектеп оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Қазылар алқасы байқаудың талабы бойынша, қатысушылардың таңдап алған шығармаларына, мазмұнына, оқу мәнеріне, сөздің анық болуына, актерлік шеберлігіне, сандай-ақ, сыртқы келбеті мен сахна мәдениетіне мән беріп, тиісті бағаларын берді. Бас жүлдені Байғабыл ауылынан келген Ақерке Дүзбай жеңіп алды. Ол сәуір айында өткен VІІІ облыстық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауына жолдама алған болатын. Енді міне, Ақерке облыс деңгейінде өткен байқауда өз шеберлігін көрсетіп, Бас жүлдемен оралды.
Талабыңа нұр жаусын, Ақерке!
Зарина МҰСАБАЕВА,
Аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі.
Аманкелді ауданы.