Қостанайдағы Мәуліт мерекесі
Тәуелсіздіктің арқасында Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың туған күні, яғни Мәуліт мерекесін атап өту қазақ елінде дәстүрге айналды. Соның бір жарқын айғағы ретінде Қостанай өңірінде де ол үстіміздегі жылы ойдағыдай ұйымдастырылды.Осынау ұлы мейрам Қостанай шаһарында соңғы жылдары пайдалануға беріліп, көпшіліктің игілігіне айналған «Мирас» мәдениет үйінде өтті. Ерте хабарланғандықтан, оған үлкенді-кішілі қауым дер кезінде жиналды.
Бұл рухани Мәуліт кеші «Адамзаттың абзалы» деп аталды. Басқосуды осы аймаққа кеңінен танымал қазақтың дарынды жігіттері жүргізіп, барша жұртшылықтың көңілінен шықты.
Олар алдымен облыстың аудандары мен қалаларынан басқосқан мұсылман ағайындарға Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызын жан-жақты түсіндірді. Содан кейін жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Мәуліт шариф қасидасы оқылды. Оған аудандар мен қалалардың имамдары атсалысты.
Осы арада облыстық мешіттің наиб имамы Дархан Сыздық пен Марал ишан деп аталған қасиетті орынды ұзақ жылдар бойы басқарған дін қайраткері Ертай қажы Балахметтің қос ұлы Әлішер мен Мұртаза да тың ізденістерімен көпшілікті дән риза еткенін айтып өткеніміз абзал.
Аталған басқосуда қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов әлгі Мәуліт шарифтен кейін батасын беріп, өзінің пайым-парасатымен ағайындарға үлкен ой салды.
Бұл күндері Айбек Қалиевті кім білмейді. Ол айтыс өнерінің мақтанышына айналған бауырымыз. Ол биыл да осы рухани кештің ажарын аша түсіп, мейрамға байланысты ой-толғаныстарын жыр жолдарымен жеткізді. Суырыпсалма өнерімен жерлестерінің жүректерін тебірентті.Ұлы Мұхаммед Пайғамбарымыздың мәнді де мағыналы өміріне шолу жасап, жиналған қауымның алғысына бөленді.
Мінбеге көтерілген облыс әкімдігі дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов барша жерлестерімізді ұлы мерекемен шын жүректен құттықтады. Қазіргі таңда өңірдегі ислам дінін насихаттау мақсатында атқарылып жатқан игі істерге де тоқталып өтті.
Өткен жылы Лисаков қаласында жаңадан пайдалануға берілген мешіт жайлы тілге тиек етті. Жалпы, облысқа Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет өкіл имам болып тағайындалғалы бері тындырылған жұмыстар барша әріптестеріне үлгі болып отырғандығын өзгелерге өнеге етті.
Сондай-ақ аталған кешке көршілес жатқан облыстардан да құрметті қонақтар шақырылды. Солардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Жұмабайұлы.
Дін саласында терең білім алған азамат күллі қостанайлық ағайындарға ізгі тілегін білдіре келе, өткен тәуелсіздік алған 26 жылда асыл дініміздің өркендеп, халықтың имандылыққа бет бұруындағы ізгі жетістіктері жайлы әңгімеледі.Сонымен қатар Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының дарынды әртістері «Айна ғұмыр» деп аталатын спектакльден үзінді қойды. Онда есімдері ел аузында жүрген өнер майталмандары Мейрам Жапаров, Ақдәмен Досанова, Зәмзәгүл Балтабаева, Айбол Шәкіржанов, Әлімхан Мырзахан және басқа да актерлер тапсырылған образдарды ойдағыдай сомдады.