Спортшы Әсел

Әсел Қабдығалымова – дзюдо, самбо және джиу-джитсу, грэпплинг күрестерінен спорт шебері, дзюдодан Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионатына, әлем чемпионатына қатысушы. Самбодан Қазақстан чемпионы және ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Азия және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, грэпплингтен АИГА нұсқасы бойынша Қазақстан Чемпионы, грэпплинг ги және грэпплингтен UWW нұсқасы бойынша Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, джиу-джитсудан Қазақстан Кубогының чемпионы, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы, Әлем чемпионатында 7 орын.
Дзюдо және самбо күрестерінен ел намысын қорғап жүрген бозкілем шебері Әсел Қабдығалымова тәрбиелеген шәкірттер бүгінде республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Әселдің шағын шаһарда тер төгіп жүргеніне он жылдан асты, Лисаков қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы.
– Біз алғаш 2012 жылы Лисаков қаласына көшіп келгеннен кейін бапкерлік жұмысымызды бастап кеттік. Сол уақыттан қалалық спорт бөлімінде жұмыс істедік. Біздің шәкірттер облысаралық жарыстарға ғана қатысатын. Содан біз жасөспірімдер спорт мектебінен дзюдо бөлімін ашуды сұрадық. 2019 жылы Лисаков қаласының жасөспірімдер спорт мектебінен дзюдо бөлімі ашылып, маған жүктеме бөлінді. Бөлім ашылғанға дейін республикаға немесе көршілес Ресейге біз ата-аналар қаражатынан ғана баратынбыз. Жеке секция ашылғаннан бері қолым ұзарды десем болады. Қазір жыл сайын бір жылға қаражат бөлінеді. Жарыстарды күнтізбеге қарап қанша бала апаратынымызды жоспарлаймыз. 2004-2012 жылғы балалар арасында жарыс бола қалса, Лисаков қаласы атынан қатысамыз, – дейді Әсел.
Қазір Әсел айналысатын үшінші спорт түрі – джиу-джитсу. Спорт шебері ҚР Кубогының чемпионы, ел чемпионатының күміс жүлдегері. Лисаков қаласының намысын қорғап жүрген спорт жұлдызы жақында грэпплингтен Қазақстан біріншілігінде күміс жүлде алып, «спорт шебері» нормативін қорғады. Ол Қ.Мұңайтпасов атындағы ҚР дарынды балаларға арналған спорт мектебінің түлегі. Атасы Қазақ КСР спартакиадасының чемпионы Амангелді Қабдығалымды үлкендер жағы ұмыта қоймаған болар.
– Өзіме келсем, Шығыс Қазақстанда туғанмын. Нұр-Сұлтан қаласының спорт мектебінде оқыдым. 2000 жылдан жарыстарға шыға бастадым. Додаларға жиі шығамын. Мұның бәрі үйреншікті жағдай. Балаларым да үйренген, жарыстардан қалмаймын. Кезінде дзюдо, самбодан күрестім. Студент болған кезге дейін де, кейін де осы спорт түрлерінен облыстық чемпионаттарға қатысып жүрдім. Қазіргі таңда грэпплинг және ги-грэпплингтен, джиу-джитсудан бағымды сынаудамын. Алда Азия және әлем чемпионатына дайындық үстіндемін. Жаттықтырып жүрген 2005 жылғы және студент балаларым бар. Солармен бірге күн сайын кешке дайындық өткіземіз. Өзімді-өзім шыңдаймын, – дейді Әсел Серікқызы.
Жұбайы Берденбек Қайрат та спорт мектебінде жұмыс істейді. Екеуін табыстырған спорт.
– Берденбекпен республикалық жарыста таныстым. Ол төреші болды, мен күрестім. Бұл 2009 жыл еді. Тіл табысып, Лисаковтан бір-ақ шықтық, – дейді ол.
Жұбайы Берденбек бүгінде «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалының Краснооктябрь кеніш басқармасында спорттық нұсқаушы, Лисаков қалалық мәслихатының депутаты, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінде жұмыс істейді. Жұмыстан кейін қалада бапкерлік қызметін атқарып жүр. Әсіресе, аймағымыздың қазақ күресі өнерін дамтуға бар үлесін қосқан белгілі палуан, бапкер, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер, қазақ күресі және дзюдодан жоғары дәрежелі төреші Берденбек Қайрат ауылда жүргеннен-ақ Сәбит Жұмабаевтың тәлімін көріп, артынан студент күнінде КСРО-ға есімі мәшһүр, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олжабай Сәрсенбаев, танымал бапкер Аманжол Төлегеновтерден мол тәжірибе жинақтады.
– Әлі де болса өңіріміздегі күрес түрлерін әрі қарай дамыту, әсіресе, қазақ күресінің жоғары дәрежеге жетуіне атсалысу. Елімізге келген індет жаттығу залында көппен дайындалып, шәкірттерімізді баулуға айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бірақ бұл уақытша екеніне сенімдіміз. Алдағы уақыт спорт шеберлерін көптеп тәрбиелеп, Қазақстан мен құрлықтық, тіпті, әлем және олимпиада жеңімпаздарын баулып шығарсақ деген арман-мақсатымыз бар. Лисаков қаласында көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Спорт саласына зор көңіл бөлініп келеді. Өз басым осы шаһарға алғаш келгенде, жөні дұрыс спорттық алаң болған жоқ. Қазір әр аулада дене шынықтыруға мүмкіндік бар. Жаңа стадион бой көтерді, болашақта да мұндай құрылыс жұмыстары жалғаса береді. Жер-жерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Тәуелсіздігіміз бізге осыншама мүмкіндіктер беріп отырған соң, біз де егемен еліміз үшін жемісті қызмет етуіміздің өзі зор бақыт емес пе! – дейді Берденбек бапкер.
Нәтиже жаттықтырушылар күткендей болды – 2015 жылы екеуінің ортақ шәкірті Жансая Аманбаева дзюдодан Қазақстанның чемпионы, 2017, 2018, 2019 жылдары қазақ күресінен ел жеңімпазы танылса, былтыр Азия кубогының қола жүлдегері атанды. Тағы бір шәкірті Надежда Казакевич 2016 жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Ал Юлия Кривич, Мәдина Ибраева самбо күресінен Қазақстанның чемпиондары. Күрес саласынан Лисаковтан шыққан еліміздің жеңімпазы деген мұндай жетістік қала тарихында бұрын-соңды болмапты. Зор мақтаныш қой! Бұлардың сыртында облыста жауырыны тимей жүрген ізбасарлары қаншама.
– Ай сайын 3-4 баладан қосылып отырады. Қазір бұл спорт түріне қыздар көп келіп жатыр. Жалпы, бізде Берденбек екеуіміздің тобымыз бірге дайындалады. Өйткені, біздің балалар дзюдодан ғана емес, самбодан, қазақ күресінен жаттығады. Облыстық, республикалық додаларға шығып жүрген шәкірттеріміз бар. Дайындыққа келіп жүрген балалардың саны жүзден асады. Балаларым мен шәкірттеріме бірдей қалай уақыт табатынымды сұрайды көбі. Бәрін жақсы көрсең, бәріне уақыт табылады. Қозғалыс, спорт – өмірдің мәні. Күнделікті жаттығамын. Демалыссыз, үзбей дайындаламын. Әр минутым жоспарланған. Жұбайым маған жақсы қолдау көрсетеді. Жарысқа шыққан сайын жүлделі оралуға тырысамын. Маған балаларым, жолдасым сенеді. Бүкіл қала болып қолдайды. Сол үшін медальсыз қайтпауға тырысамын, – дейді Әсел.
Берденбек пен Әселдің сегіз және жеті жасар қыздары Карима мен Жаннұр жүзу спортына қатысып жүр. Ұлдары Әлім үшке де толмаған. Бірақ оны да ата-анасы күреске жаттықтырамыз деп бек сенімде отыр. Ал бақытты шаңырақ үшін жетістіктіктің зоры – Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болуы, спортшыларының әр мемлекетте азат еліміздің көк байрағын желбірете жеңіске жетуі.
Табысты жаттықтырушы және үш баланың анасы Әсел Қабдығалымованың спорт саласында жеткен жетістіктері жоқ емес. Ол UWW грэпплингтен де спорт шебері атанды.
Жақында Талдықорғанда өткен ерлер мен әйелдер арасындағы джиу-джитсудан ҚР чемпионаты өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен үш жүзден астам спортшы қатысты. Әсел Қабдығалымова +71 келі салмақта өнер көрсетіп, қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңді.
– Әрине жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл, күнделікті жаттығулардың нәтижесі. Осы чемпионатқа қаңтар айынан бастап демалыссыз дайындалдым. Енді қараша айында Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына жолдама алдым, – дейді Әсел Серікқызы.
Қостанай қаласында 2001-2003 жылы туған жастар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Онда Әселдің шәкірті 56 келіге дейінгі салмақта Жансая Аманбаева қола жүлдеге ие болды.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Лисаков қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓