«Арқалық барысы – 2021»
Арқалықтағы «Қайрат» спорт кешенінде биыл қатарынан төртінші жыл ұлттық қазақ күресінен «Арқалық барысы – 2021» қалалық турнирі өткізілді.
Бұл жолғы шара тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Арқалық қаласының 65 жылдығы және қазақ халқының даңқты перзенттерінің бірі, алып күшімен әлемді дүбірлеткен күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Шараның ашылу салтанатында еліміздің асқақ әнұраны ойнатылып, қала әкімі Әмірхан Асанов спортшыларға сәттілік тіледі. Ұлттық ән-күйіміз, биіміз орындалып, балуандар боз кілемге шақырылды.
Жастар, жасөспірімдер, кіші жасөспірімдер және қыз балалар арасында өткен тартысты додада 50-ге жуық палуан бақтарын сынады.
Нәтижесінде, жастардан Нұрсұлтан Қабылан, жасөспірімдерден Шахнияз Ағыбаев, кіші жасөспірімдер арасынан Дарын Тұяқ және қыз балалар арасынан Мая Кенжеғалиева жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, мадақтама және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Мұрат
Жүнісұлы
Арқалық қаласы.