Қоқысты кәдеге жаратқан

Қостанайда екі көзі нашар көретін мүгедек қалдықтардан тактильді тротуар плиталарын жасап шығарды. Андрей Зелевский үш жылдан бері қалдықтарды өңдеумен айналысады. Биыл зағип кәсіпкер ісін одан әрі дамытып, шикізаттан құмполимер плиткаларын өндіруді бастады. Идеяны іске асыру үшін кәсіпкер мемлекеттен 4,7 млн теңге көлемінде грант алған.
Андрей экология проблемаларына бей-жай қарамайды. «Аяқ астындағы жатқан кез келген нәрсені кәдеге асыруға болады», – дейді ол. Осыдан төрт жыл бұрын ол облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау Бизнес» курсына жазылған еді. Ондағы мамандар мүмкіндігі шектеулі жанның бастамасын өміршең жобаға айналдыруға жәрдемдесті.
«Ай сайын пластикалық бөтелкелерден, тұрмыстық химия ыдыстарынан екі тонна полимерлі үгінді шығарамын. Қазір мен жаңа бағытты – құм-полимерлі плиткалар өндірісін ашып жатырмын. Көрінген жерде шашылып жатқан қоқысты жарата білсең кәдеге асады. Мәселен, одан тактильді тротуар плиткасын жасауға болады. Менің екі көзім де нашар көреді. Сондықтан, оның қаншалықты қажет және маңызды екенін жақсы білемін. Плиткалардың алғашқы легін шығардық. Оларды белгілі бір түске бояу керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Технологияны барынша жетілдіреміз. Қалай болғанда да менің басты клиентім – мемлекет болуы керек деп ойлаймын. Қолыма сертификат алып, тендерлерге қатысқым келеді», – дейді Андрей Зелевский.
Кәсіпкердің айтуынша, плитка шығаруға қажетті жабдықты табу оңай болмапты. Шетелдік қондырғылар тым қымбат. Сондықтан Андрей Зелевский жергілікті конструкторларға тапсырыс берген. Қажетті қондырғылар Қостанай жөндеу-механикалық цехында жасалды.
«Менің өтінішім бойынша бәрін дәлме-дәл жасап берген құрастырушы Александр Медведевке айтар алғысым шексіз. Біздің токарьлардың қолдары алтын. Олардың қолынан шыққан қондырғы айына 300-400 метр плитка жасауға мүмкіндік береді. Біз тек тактильді ғана емес, әртүрлі плитка шығарамыз. Әзірге, мұнда екі адам жұмыс істейміз. Алдағы уақытта қасымызға тағы бір мүгедек кісіні қоспақпыз», – дейді кәсіпкер.
Андрей Зелевский шамасы келгенше мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға тырысады. Өйткені, қазіргідей кезеңде жұмыс табу қаншалықты қиын екенін ол жақсы біледі. Кәсіпкердің әлі де көптеген идеясы бар. Қазір ол фосфордың арқасында күндіз бойына жарық жинап, түнде сәуле шашатын төсамтастар шығаруды ойлап жүр. Бұл өте қымбатқа түседі, бірақ тиімді.
Естеріңізге сала кетейік, «Бастау Бизнес» жобасы жұмыссыздарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Оған қатысушылар білім алып қана қоймай, өз ісін ашуға грант немесе жеңілдетілген несие алу мүмкіндігіне ие болады. Биыл облыстың 1250 тұрғыны кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығуға ниет білдіріп отыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓