Үмітіне ұя салар ма екен?
Кез келген жас жұбайлардың өз баспанасының болғанына не жетсін! Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1 шілдеден бастап «Өз үйім – өлең төсегім» девизімен жаңа қосылған шаңырақ иелеріне арнап «Жас отбасы» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы хабарлап отыр.
Жаңа бағдарлама бойынша несиелік жүктеме «Нұрлы жер» бағдарламасының жүктемесінен бар болғаны 1%-ке ғана артық, яғни, жылдық мөлшерлемесі 6%-ті құрайды. Алайда мұндай мөлшерлеме алғашқы екі жыл қолданылады да, қалған уақытта 5%-ке дейін төмендейді.
«Аталған бағдарламаға қатысу үшін отбасында бір адам немесе ерлі-зайыптының екеуі де Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен «Жас отбасы» атауымен депозит ашу қажет. Бір жылдың ішінде болашақ баспанасының бағасының 50%-ін жинақтайды әрі «5» деген бағалау көрсеткішіне қол жеткізу керек. Депозитті ашу кезінде ерлі-зайыптылардың неке мерзімі 3 жылдан аспауы шарт (неке туралы куәліктің негізінде). Депозитті жинақтау мерзімінде банк тарапынан жылдық 2% сыйақы және мемлекет тарапынан жылдық 20%-тік сыйлықақы (200 АЕК-ден аспайтын сомада) беріледі», – делінген хабарламада.
«Жас отбасының» тағы бір басымдығы – ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына шектеу жоқ. Ал жаңа бағдарлама бойынша жас жұбайлар жаңа және екінші деңгейлі пәтерлерге ие бола алады, немесе жер телімін алып, үй салып алуға мүмкіндігі бар. Бұл бағдарлама аясында қатысушыларға 6-дан 9 жылға дейін қарыз беріледі екен.
Алайда бір жыл ішінде жас отбасылар үшін болашақ баспана бағасының 50%-ін жинақтау мүмкін бола ма екен? Әрине, шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар балалы-шағалы болады, ол үшін әйел адам сәби күтімімен үйде отыру керек, яғни, бір отбасы бір адамның ғана табысына қарап қалады деген сөз. Ал, әсіресе, қазіргідей қиын-қыстау заманда бір адамның бір жылғы тапқаны пәтер құнының жартысын құрай ала ма, осы жағына сұрақ көп…