Цифрландырудың 5 бағыты
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізгі бағыт 5 бойынша жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған бағдарламаның қорытынды нұсқасын таныстырған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құжат негізгі 5 бағытты қамтиды. Біріншісі – «Экономика салаларын цифрландыру». Бұл еңбек өнімділігін өсіру және капиталдандыруды арттыру мақсатында серпінді технологияларды пайдалану арқылы экономиканың дәстүрлі салаларын түрлендіруді көздейді. Екіншісі – «Цифрлық мемлекетке көшу». Бұл ретте сөз халық пен бизнеске мемлекеттік қызметтерді олардың қажеттілігін сезіну жолдары арқылы жаңа сапалы деңгейге көтеру жайында болып отыр», – деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, үшінші бағытта «Цифрлық Жібек жолын жүзеге асыру» көзделеді. Аталған бағыт мәліметтерді беру, сақтау және өңдеудің жоғары жылдамдығын және инфрақұрылымының қорғалуын дамыту жүзеге асырылады. Төртіншісі – «Адам капиталын дамыту». Бұл бағытта «білім экономикасына» көшуді қамтамасыз ету үшін креативті қоғам құру жүргізіледі.
«Бесінші «Инновациялық экожүйе құру» бағытында бизнес, ғылыми орта және мемлекет арасындағы тұрақты көлбеу байланыстармен технологиялық кәсіпкерлік пен инновацияны дамыту үшін жағдай қалыптастыру жайында сөз болып отыр», – деді Дәурен Абаев.
Министрдің дерегінше, аталған 5 бағыт аясында 17 бастама мен 120 іс-шара жоспарланған.
«Олардың бір бөлігі таяу жылдардың ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Ал қалғандары болашақтағы экономиканың саласы ретінде цифрлық секторға негіз қалайды. Оның әсері келесі онжылдықта байқалады», – деді ол.