Есімдері мәңгі есте
Әлиекөлдегі ауыл шаруашылығы колледжінде "76 игі іс" патриоттық акциясы өтті. Бұл қайырымдылық іс-шарасы колледж директоры Альмира Жансүгірованың бастамасымен қолға алынды.
Акция аясында ҰОС-ның ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және көпбалалы отбасыларға сый-сияпат жасалып, спорттық сайыстар мен экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылды. Колледж директоры, облыстық мәслихаттың депутаты А.Жансүгірова әріптестері және студенттермен бірге еңбек ардагері, тыл еңбеккері Кәзира Қалабаеваның үйіне барып қайтты. Кейуананы Жеңіс күнімен құттықтап, гүл шоқтарын тарту етті.
Кәзира әже 1928 жылгы 8-наурызда Жанкелдин ауданының Қошалақ ауылында туған. Соғыс басталған жылы әжеміз 13 жаста еді. Сол кезде ер-азаматтар майданға аттанып, кейіпкеріміз сияқты жас балалар тыл даласында тер төкті. Еңбекке ерте араласқан Кәзира әже алғашында қара жұмысшы, кейін малшы болған. Ұлы Отан соғысы жылдары колхозда жұмыс істеді. Жолдасы Қойшыман Қалабаев та 1928 жылдың тумасы. Ол да мал бағып, еңбекпен ер жеткен. Ерлі-зайыптылар сегіз бала өсірді. Өкінішке қарай, Қойшыман ақсақал 93 жыл ғұмыр кешіп, биыл ұлы сапарға аттанып кете барды. Артында қалған балалары өз алдарына шаңырақ көтеріп, әр қайсысы ұрпақ тәрбиелеп отыр. Тыл еңбеккері Кәзира әженің 37 немересі, 84 шөбересі, 18 шөпшегі бар.
– Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлік істері біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталуы тиіс. Біздің жарқын болашағымыз үшін жастық шақтарын қиып, өмірлерін құрбан еткен ата-бабамызды құрметтеп, есімдерін ешқашан ұмытпауымыз керек,– дейді колледж директоры А.Жансүгірова.
Римма НАГОВИЦЫНА,
Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжі директорының орынбасары.
Әулиекөл ауданы.