Мен майдангердің шөпшегімін
Елімізге орасан зор ауыртпалық әкелген Ұлы Отан соғысының от шарпуы тимеген шаңырақ жоқ шығар. Бұл соғыстағы жеңіс қазақ халқы үшін төрт жүз мыңға жуық құрбандыққа түсті. Ол соғыста қазақстандық майдангерлер жанкешті қаһармандықтарымен басқа европалық ұлттардың алдында өздерінің ешкімнен кем емес, қандай істе де, кіммен болса да терезесі тең екенін дәлелдеп шықты.
Жеңіс! Осынау жалғыз ауыз сөзде қаншама мағына жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы үлкен Жеңістің орны айрықша бөлек. Зарықтырып, сағынтып жеткен Жеңісті жақындата түсуге майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлері де, майдан даласынан шалғайдағы қарттар мен әйелдер де, буыны бекіп бұғанасы қатпаған балалар да үлес қосқан. Ол сонымен де қастерлі, қасиетті саналады.
Биыл міне, сол Жеңіс күні елімізде жетпісінші рет аталып өтілгелі отыр. «Елдің көркі – ерімен, Отан көркі – жерімен» – дегендей, ел басына қатер төнген жылдары кеудедегі шыбын жаны шыққанша жаумен жаға жыртысқан солдат аталарымыз аз емес,соның бірі – менің ұлы нағашы атам, майдангер, соғыс ардагері – Сартов Сұлтан Сатыбалдыұлы.
1909 жылы Әулиекөл ауданы Көктал ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына алынып, Хабаровск өлкесіндегі 101-ші сапер батальонына түскен, кейін Манчжурия шекарасында, ал, 1944 жылы тамыз айында Москваға жіберілген. Елге 1945 жылы 17 қарашада аман-есен жеңіспен оралған, бірнеше медальдардың иегері.
1933 жылы сүйген жары Елеукешқызы Мақыш әжемізбен шаңырақ көтеріп, тату-тәтті 61 жыл отасты. 1994 жылы 95 жасында қайтыс болды.
Мен атаға шөпшек болып келемін, ол кісіні көрген жоқпын, ол кезде менің анам да бала болған. Сұлтан атаның соғыста көрген қиыншылықтарын айтып, майдандас достары туралы әңгімелеп, еске жиі алатынын, ақ көңіл, кішіпейілді, еңбекқор, достарына адал, өз Отанын сүйген нағыз солдат болғанын әжемнің, тәтемнің әңгімелерінен білемін. Сол атамның жақсы істері біздерге үлгі-өнеге болып, қазір де атамды әркез мақтан тұтамын. Әр Жеңіс күні атамның ерлігін мақтанышпен айтып отырамыз. Ол кісінің ерлік істері біз үшін де зор мақтаныш.
Біз, жас ұрпақ, ардагер аталарымыздың алдында борыштымыз. Олардың қасық қаны қалғанша күресіп, жаудан аман-есен қалған бейбітшілік құнының баға жеткісіз қымбат екендігін біліп, оны өмір бойы аялап өтеміз. Қазіргі елімізде саусақпен санарлықтай қалған батыр аталарымыздың денсаулығы мықты болып, бейнетінің зейнетін көріп жүре беруіне тілектеспін.
Ермек ТӨЛЕГЕНОВ,
Теректі негізгі мектебінің
7-сынып оқушысы
Қарасу ауданы.