Көне тарихтың куәсі
Жақында редакцияға Лисаков қаласынан Қапыш Наурызбаев ақсақал келді. Қарияның есімі "Қостанай таңының" оқырмандарына жақсы таныс. Бірнеше жыл бұрын газетке оның хаты басылады. Хатында Қостанай атауының шығу тарихын Танай есімді қыздармен байланыстырып, "Большевиктік жолға" шыққан Омар Шипиннің өлеңінен дәлел келтіреді.
93 жастағы қария әлі де тың, әңгімеге жүйрік. Өңір тарихына қатысты біраз деректер жинап, баспаға дайындамақ. Біз де зерделі қарияның көрген-білгендерін оқырманмен бөлісуді ұйғардық.
"Тарықсаң туған еліңе тарт!"
Қапыш Наурызбаев 1928 жылы Тобыл өзенінің оң жағалауында, атасының қыстағында дүниеге келді. Наурызбай қыстағы – қазіргі Лисаков қаласының байырғы түп мекені. Өткен ғасырдың басында мұнда Байжан, Жұмағазы, Бермағамбет есімді үш ағайынды тұрған. Кейіпкеріміз Қапыш атай Жұмағазыдан туады.
– Үш ағайын да бір үйде тұрды, бұл енді әр қазақтың әулетіне тән ғой. Кейін қыстағымызға 10 шақты түтін қосылды. 1934-1935 жылдары кәмпеске жүріп, қорадағы малымыздан қағылдық. Біздің қыстақтан екі түйе мен бірнеше жылқыны айдап алып кеткені әлі есімде. Бұған мойыған жоқпыз. Әкем қолынан іс келетін адам еді. Атамыздан қалған ескі диірменді қалпына келтіріп, шаруашылыққа пайдаланды. 7-8 жастағы баламыз, таңнан кешке дейін әкемнің қасынан қалмайтынмын. Кәмпескеден соң ұжымдастыру күтіп тұрды. Одан соң кулактар келді. Байлар ірі малдарын өткізіп, қой-ешкі, бірді-екілі сиырымен күн көре бастады. Мұңымыз мұнымен біткен жоқ. Ауылдағы жастарды әскер қатарына шақырту басталды. Әскерге кеткендердің жағдайы қиын екенін біліп, әкем інісі Бермағамбетті алып, қазіргі Қамысты ауданының Томарлы ауылына қашып кетті. Үлкен ағасы мен әулет үлкендері сол Наурызбайда қалды. Томарлыға келген соң, бірнеше жылдан кейін Қарабатыр ауылына қоныс аудардық. Осы ауылда әкем ағаш, темір өндірісімен айналысып, үйімізге жақсы табыс түсті. Қарабатырда бір жыл тұрып, қайтадан Наурызбайға оралдық. Адам бар жақсы қасиетті туған жерінің топырағынан алады деген ескі сөз бар ғой. Туған жердің топырағы ыстық, ауасы жұпар, суы бал, жусанының да иісі бөлек. "Тарықсаң туған еліңе тарт", "Туған жердің топырағы да сүйкімді" демей ме? Ақыры туған ауылымызға оралдық, – деп еске алды Қапыш атай балалық шағын.
Лисаков туралы шындық
Наурызбайға келген соң Қапыш атайдың әкесі байырғы досы Николай Ликутинге жолығып, жағдайды түсіндіреді. Ликутин сол уақытта партия комитетінің хатшысы қызметін атқаратын. Ол досы Жұмағазының қолын қаққан жоқ, керісінше, жұмыс тауып беріп, шаруашылығын ілгерілетуге көмектеседі. Айта кетерлігі, Наурызбай ауылы сол кездері Лисаков деп аталып кеткен екен. Қапыш Жұмағазыұлы қазіргі қаланың тарихы туралы әңгіме тиегін ағытты.
– Лисаков қаласының атын түлкімен байланыстырып жүргендерге қарсы уәжім де, дәлелім де бар. Кейбір өлкетанушылар қаланы "Түлкілі" деп атау керектігін жариялап жүр ғой. Негізі Лисаков кәдімгі қасқалдаққа ұқсас "лысуха" құсына байланысты қойылған. Бастапқыда Лысаков болған. Оны қойып кеткен орыстың землемерлері ғой. Мұның шындығы былай: Менің әкемнің әкелері аңшылықпен айналысыпты. Бірде құс атып келе жатқанда жолдан 3-4 орыс кезігеді. Олармен тілдескен соң землемерлер (жер өлшейтін мамандар) екенін біледі. Қарындары ашып келе жатқан олар атамыздан атқан қаз-үйрегін беруді сұрайды. Есесіне өлшеген жерге қалаған есімін қойып беруге уәде етеді. Сөйтіп, землемерлер: "Ауылды қыстақтарыңа қатыстырып "Наурызбай" деп атаңдар, солай бекітейік", – дейді. Сонда Наурызбай атам балаларына: "Бұған қарсымын. Керегі жоқ. Орыстар шошқа ұстайды, кейін поселке болып жатсақ, орыстар көшіп келеді. Біз мұсылманбыз. Мұндай жерге қазақтың атын жолатуға болмайды", – депті. Наурызбай атамыз молда кісі екен. Землемерлер ол кезде жер өлшеу үшін апталап жүрген деседі. Әкем Жұмағазы ол кезде бала. Сол орыстармен құс аулайды екен. Землемерлер бірнеше күн көлшіктен "лысуха" аулап, тамақтық етіпті. Қарны тоқ, көңілі шат олар атамыздың қарсылығынан соң ауылды "лысуха" құсына байланыстырып "Лысаков" деп атап кетіпті, – дейді Қапыш ақсақал.
Сол "Лысаковты" жергілікті тұрғындар жұмсартып Лисаков атап кеткен екен. Қапыш атаның үйінде 1940-1950 жылдардағы картаның көшірмесі де сақтаулы. Сонда өзен жағасындағы елді мекен "развал аула Наурызбай" деп көрсетіліпті. Алайда елді мекендердің байырғы атаулары туралы талай семинар-кездесулер ұйымдастырылғанымен, "Наурызбай" атауы өлкетанушылар мен тарихшылардың назарына ілінбей жатыр.
"Қауметей тасының" құпиясы
Бүгінгі Лисаков қаласының маңындағы ұсақ тастардың үлкен үйіндісі алыстан қараған адамға тауды елестеді. Қаланың жазық далада орналасқанын ескерсек, жергілікті жұрттың осы бір жай ғана қырды неліктен тауға теңейтінін түсінген болар едіңіз. Бұл үйінді "Қауметей тасы" деп аталады. Негізі, бұл тастың атауы 1800 жылдардың басында осы өңірде өмір сүрген Қауметей атты батырдың құрметіне қойылған деседі.
– Бала кезде осы жазық даладағы жалғыз тасқа қарап, үнемі тамсанып жүретінбіз. Бұл тас туралы ауылдың шалдары жиі әңгімелейтін. Қауметей деген батыр адам болған екен. Қазақ жеріне қызыққан жаулармен арпалысып өткен көрінеді. Қауметей қартайған шағында бір күні қыстың қатты бораны соғып, ауыл адамдары бораннан ығып кете барған қойларға ие бола алмай қалады. Мұны естіген қарт Қауметей атып тұрып, бір мая шөпті арқанмен буғызып алып, арқанның бір шетін беліне тағады да, өзі түйенің үстіне отырып, шөпті сүйрей, ырық бермей кеткен отарды тауып алып, қойлардың алдына түседі. Отқа бас қойған мал Қауметей сүйреген шөптің соңынан ереді. Жанжақты түк көрінбейтін аппақ түтекке айналдырып, бет бақтырмаған дүлей боранға қарсы жүрген қария шамамен межелеп, ауылға қарай бет алады. Бірақ өзі де байқамай қалың қармен көмкерілген әлгі биік тастың үстіне шығып кетеді. Тастың келесі беті тік жар болғандықтан, қауіпті сезген түйе жануары жар қабағына келгенде жата қалады. Қауметей түйенің қырсықтығы ұстаған екен деп, қамшымен қатты салып-салып жібереді. Сонда атып тұрған түйенің аяғы тайып, екеуі де құздан құлайды. Егде жасқа келсе де, ерлік жасауды кәсібіне айналдырған қарияның омыртқасы үзіліп, ес-түссіз жатқан жерінен ауыл адамдары тауып алып, үйіне әкеледі. Онымен бірге құлаған түйе бірден мерт болған екен, – дейді Қапыш атай. – Ал жер-суын жаудан қорғап арпалысып өткен Қауметей ажалмен де екі күн тайталасып, үшінші күні жантәсілім еткен екен. Содан бері бұл тас "Қауметей тасы" аталып кетіпті. Қауметейді жерлестері сол тастың маңайына жерлейді. Кейін оның қасына басқа да адамдар жерленіп, үлкен зиратқа айналады. Өткен ғасырдың ортасына таман "Қауметей тасы" құлап, зираттың орны ғана қалған.
Балалық шақтың бұлыңғыр беттері
6-7 жасар бала Қапыш үлкен әкелерінің "асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның" құрбанына айналғанын кейін біліпті. Лисаковта жермен айналысып жүрген Жұмағазы алты баласын алып, Қызылжар ауылына жұмысқа ауысады. Негізі ауыл құжат бойынша Байқан аталуы керек болған. Байқан – сол ауылдағы ең бай кісі. Бұған коммунистер қарсы болып, Қызылжарға ауыстырып жібередіміс.
– Репрессияның нағыз қызған шағы. Қаншама отбасы жазықсыз жалаға ұшырады. Бас сауғалап, біз де Қызылжарға келдік. Мұнда жағдай бірқалыпты еді. Мектепке бірінші рет осы ауылда бардым. 4 сынып Жантай Рахметов ұстазымнан білім алдым. Мектеп 4 шақырымда орналасқан болатын. Таң ата шығып, түнге таман келетінмін. Орта жолдан әкемнің ағасы күтіп алатын. Осылайша мектепті үздік аяқтадым. "Төрттік" бағаны тек орыс тілден алатынмын. Сабақ тек қазақ тілінде өтетін. 1930 жылдары "Сауатты оқу" пәні болатын. Мектебімізге латын қарпінің келген уақыты. Оны атақты педагог Ахмет Байтұрсыновтың енгізгенін естідік. Оған дейін оқулық араб қарпінде ғана берілетін. 4 сыныпты таза латын қарпімен оқыдым. 1940 жылы мектепті аяқтадым. Әке-шешемнің денсаулығына байланысты ары қарай оқуымды жалғастыра алмадым, – дейді кейіпкеріміз.
12 жасар Қапыш Қызылжардағы фермада есепші болып жұмыс істейді. Есепшінің жұмысы онша қиын емес: бригадир жұмысшылардың жүктемесі туралы айтып отырады. Әр адамның бекітілген жұмысы бар. Есепші соны бөлек дәптерге қатесіз жазып, күн аяғында бригадирге қайтадан тапсырады. Жермен айналысатындардың жалақысы күзгі орақтан соң беріледі.
Қиындық пен қасірет
Соғыс басталып, әр ауылдан әскерге жарамды жігіттер алынды. Қызылжардан 14 адам майданға аттанды. Ауылда қалған қарияларға Қапыш сияқты жастар көмектеседі. Бұл уақытта оның әкесі Жұмағазы науқастанып қалған-ды. Соған қарамастан ол тылдағы тірліктердің бел ортасында жүреді. Қапыш әкесінен ұсталықты үйренеді.
– Бастапқыда ағаш пен темірден қажетті бұйымдар жасадық. Шаруашылықта 60-тан астам ірі қара болатын. Егін жыртатын уақытта өгіз жегеміз. Өгіз ноқтасын жасау менің мойнымда. Темір балқытуды да үйреніп, соқа шығара бастадым. Сондай күндердің бірінде ауылға әскерден қашқан бір топ адам келді. Челябі облысынан қашқан олар қазақ ауылдарынан пана іздеп жүргендерін айтты. Бір үзім нан үшін бәрін істеуге дайын еді. Жігіттер әскердің қатаң тәртібіне шыдамаған деседі. Әуелде тіксіне қарадық. Кейін солардың көмегімен майданға біраз қажетті заттар дайындадық. Жарақат алған бір-екі адамды Қызылжардан 200 шақырым қырға жерледік. Ес жиып, еңсе тіктеген қашқындардың дені басқа ауылдарға кетіп қалып отырды, – деп еске алды Қапыш атай.
1940 жылы Қапыштың үлкен әпкесі, екі жылдан соң екінші әпкесі дүние салады. 1943 жылдың соңында Қапыш ағаш кесіп, темір балқытуды толық меңгереді. Соның арқасында отбасын асырап, аш қалдырмаған. Қиындық тағы бір қасіретке ұласады. Сол жылы анасы, бір жылдан соң ол әкесінен айырылып қалады.
– Ауылда дәрі де, дәрігер де жоқ болатын. Қасымыздағы Валерьяновкада ғана дәрігер жұмыс істеді. Әкемнің өкпесіне суық тигізіп алғанын кейін білдік. Дүкеннің өзі 300 шақырымдағы Жетіғарада бар-тын. Киім-кешекті сол жақтан алдырамыз. Шәй, қант жақын жердегі Лысаковтан әкелінеді. Ауылда жарық жоқ, керасин лампасы 2-3 үйде ғана болды. Ерітілген майға мақта салып, оны жақсаң, бірнеше сағат өшпейді. Мен екі інімді ертіп, әкемнің інісінің үйіне бардық. 1946 жылы үйленіп, бөлек шаңыраққа шықтым. Екі інім де қуанып қалды. Осылай қиындықтарды бірге еңсере бастадық, – деді Қапыш атай.
Қапыш Наурызбаевтың тылдағы еңбегі еленіп, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін" медалі берілді. Қолынан іс келетін әмбебап жігіт Қызылжардан бөлек, Даниловка, Козыревка, Қоржынкөл, Қайыңдыкөл ауылдарында жұмыс істеді. 1950 жылы ол әскерге шақырту алады.
Күдік келмеске кетті…
Үш жыл борышын өтеп келген Қапыш Наурызбаев Козыревка темір кенішіне сантехник болып жұмысқа тұрады. Бұл уақытта Қостанай облысында кеңшарлар мен колхоздар құрылып жатқан. 1957 жылдан бастап, 13 жыл бойы темір карьерінде түрлі қызметтер атқарады.
– Әскерден келіп, тұрақты жұмысқа тұрған соң бар қиындықтың артта қалғанын сезгендей болдым. Адам өмірде өзін тапса, содан артық бақыт жоқ. Мен 20 жылда нағыз кенші маманы атандым. Мұның бәрі әкемнің арқасы еді. Қандай жұмыс болсын, адал істеуге бар күшімді салдым. Әке-шешемнің, бауырларымның көрген қиындықтары әркез көз алдымдатын. Сол қиындық әрдайым алдымнан шығатындай көрінетін. Бірақ, заман өзгеріп, күдік келмеске кете барды. Соған қуандым. 1917 жылғы төңкеріс қазақ жұртының өміріне өзгеріс алып келді. Тілімізден, дінімізден алыстап кеттік. Біз жұмыс істеп жүрген жылдары тек орыс тілінде сөйлеу міндетті еді. 1969 жылы Кеңес Үкіметінің қаулысымен 800-дей қазақ мектебі жабылды. Нәтижесінде сол буынның жастары бүгінде тіл білмейді. Қазір ғаламторға шырмалып, қазақтың шұрайлы тілінің киесін сезінуден қалып бара жатқан жас ұрпақ ойлануы тиіс. Қазір егемен елміз. Тілден айырылған халық ұлт ретінде жойылып кетуі мүмкін. Осы күдікті де артта қалдыратын жастар болмақ, – деп түйді қария.
Қазір Қапыш Жұмағазыұлы кіндік қаны тамған Наурызбайында – Лисаков қаласында тұрады. Қоғамдық жұмыстарға араласып, оқушылармен жиі кездеседі. Былайша айтқанда, қарттықпен әлі итжығыс түсер қауқары бар.
"Адам баласы ылғи алға қараумен келеді. Өткен күніне тәубе қыла отырып, ол үнемі жақсылықты ілгеріден күтеді, болашағына сенеді". Бұл – 93 жастағы Қапыш ақсақалдың сөзі. Сұхбатымыздың соңында қариядан бата алып, өлке тарихына қатысты тағы бір әңгімелесуге уағдаластық.