Жер иесінде қалды
Аманкелді ауданындағы «Серік» шаруа қожалығының жетекшісі 50 гектар жерінен айрылып қала жаздады. Алайда, шиеленіске облыстық кәсіпкерлер палатасы араласып,шабындық иесіне қайтарылды. 15 наурыз күні мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот кәсіпкердің пайдасына шешім шығарды.
Бұған дейін облыстық әкімдіктің жерді қорғау және пайдалануды бақылау басқармасы сотқа шағым түсірген болатын. Басты нысан – Аманкелді ауданына қарасты Үштоғай ауылындағы, кәсіпкер Нағашыбай Серіковке тиесілі 50 гектар жер телімінің тиісті мақсатқа пайдаланбауы.
«Аталған жер телімін егін себуге, парға пайдаланбағандықтан арам шөп басқаны анықталып, акт толтырылды»,-делінген сотқа жолданған шағымда. Осының негізінде басқарма жер телімін мәжбүрлі түрде тартып алуды көздейді. Ал шаруа қожалығының иесінің айтар өз уәжі бар. Ол 2017 жылы алқапқа жауын-шашын мол түскендіктен, техника жүре алмай қалған. «Серік» шаруа қожалығына тиесілі қалған 349 га алқап өңделген. Мұны «Аманкелді аудандық әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімі» ММ берген анықтама дәлелдейді.
Сондай-ақ, сотта кәсіпкердің өкілі, облыстық палатаның заңгері Теңіз Қабақов шағымданушы тарап жер телімінің кепілде тұрғанын, яғни, мәселенің бір ұшы «КТ «Аманкелді-финанс» ЖШС мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ына тірелетінін ескермегенін айтты.
Тараптардың келтірген уәжін тыңдаған судья Айнұр Нұрбаева шағым иесіннің талабын орындаудан бас тартты.
Әлібек ЫБЫРАЙ