Жаңа басшы тағайындалды
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облыстық департаментіне жаңа басшы келді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бұйрығымен Салауат Мүксімов агенттіктің Қостанай облыстық департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Салауат Мүксімов 1980 жылы Атырау облысында туған. Алматыдағы «Қайнар» университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі деген ғылыми дәрежесі бар. Еңбек жолын 2001 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бастады. Мұнда ол азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының, аграрлық және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы болды.
2005 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутатының көмекшісі қызметін атқарды. 2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
2016 жылдан бастап агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры лауазымын атқарды.