Халық Банкінің кеңес беру орталықтары өз жұмысын бастады
Үстіміздегі жылдың маусым айында Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен "Қазақстан Халық Банкі" АҚ арасында серіктестік меморандумына қол қойылған болатын. Осыған байланысты қазір Астана мен Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде кәсіпкерлерге кеңес беру орталықтары ашылуда.
6 тамызда "Қазақстан Халық Банкі" АҚ Қостанай облыстық филиалында да кәсіпкерлерге кеңес беру орталығы іске қосылды. Оның ашылуына банк өкілдері, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандары және кәсіпкерлер қатысты. "Қазақстан Халық Банкі" АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Гүлмира Ахметованың айтуынша, 13 тамызға дейін еліміздің әр өңірінде осындай 22 кеңес беру орталығы ашылатын болады. Онда банк менеджерлері кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар мен бизнестің өзекті мәселелері бойынша тегін кеңестер береді.
– Мұндай орталықтар ашылмас бұрын Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы біздің банктің менеджерлерін оқытып, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпараттандырған болатын. Шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған кеңес беру орталықтарының артықшылығы – онда "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында бизнеске қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі, кәсіпкерлерге атал-ған бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттары шеңберіндегі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субси-диялау туралы, несиелер бойынша кепілдік беру және гранттық қаржыландыру туралы, сондай-ақ, сервистік қолдау осы кеңес беру орталықтарында "бір терезе" қағидаты бойынша тегін ақпарат беріледі. Сондықтан, кез келген бизнес өкілі әр ұйымның табалдырығын тоздырмай-ақ, осы біздің банктегі кеңес беру орталығына жүгіне алады, – дейді банк филиалының директоры Г.Ахметова.
Орталықтың ашылуына жиналған кәсіпкерлерге мамандар "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры іске асыратын бағдарламалар жөнінде де айтып берді.
– Қазір елімізде шағын және орта бизнес өкілдеріне үкімет тарапынан үлкен жеңілдік жасалынып жатыр. Мәселен, екінші деңгейлі банктерден кәсібін кеңейту үшін несие алуға кепілдікке қоятын заттың құны жеткіліксіз болса, мемлекеттің көмегіне жүгінуге болады. Мұндайда біздің қор жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге 70 пайыздық, ал бұрыннан істеп келе жатқан бизнеске 50 пайыздық кепілдік бере алады. Сонымен қатар, биыл 4 тамыздан бастап кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында "Жас кәсіпкерлер мектебі" жобасы бойынша екінші топқа оқыту курсы басталды. Бұл жоба жастардың инновациялық және жеке кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жол ашады. Жобаға 18 бен 29 аралығындағы жастар қатыса алады. "Халық Бизнес Старт", "Бизнес кеңесші", "Іскерлік байланыс" сияқты көптеген жобалар да кәсіпкерлер мен өз ісін бастаймын дегендерге жол ашары сөзсіз, – дейді "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджері Әсел Казакова.
Кеңес беру орталығының ашылуына жиналған бизнес өкілдеріне мамандар мұнан басқа әйелдер кәсіпкерлігі субъектілеріне несие беру, 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту, 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламалары жөнінде, сондай-ақ, салық салу, жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері бойынша кеңестер берілді. Банк менеджерлері де кәсіпкерлердің мүм-кіндіктері мен мүдделерін барынша есепке алатын аса оңтайлы шарттар ұсыну мақсатында банк көрсететін қызметтер тізімі жөнінде мағлұмат берді.
Қарлығаш
ОСПАНОВА