Күдіктінің ақыл-есі сау деп танылды
Жеті жасар Виктория Ганяны өлтірді деген күдікпен ұсталған жас жігіттің ақыл-есі дұрыс деп танылды деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Нұрділдә Ораз бүгін облыстық ІІД өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қылмысты тексерумен ІІМ Тергеу комитеті айналысып жатыр. Жедел тергеу тобының құрамында ІІМ, Қостанай облысы ІІД, және Рудный қалалық ІІБ қызметкерлері бар. Қылмыстық істі тексеру барысында қолға түскен күдіктіге қатысты кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалып, өткізілді.
«Сараптама қорытындысы күдіктінің ақыл-есі дұрыс екенін көрсетті. Қазір одан жауап алынуда. Күдікті қылмысқа қатысы барын жоққа шығарған жоқ», – деді Нұрділдә Ораз.
Естеріңізге сала кетсек, рудныйлық Виктория Ганя биыл 24 сәуір күні жоғалып кеткен еді. Оның денесін бір ай өткеннен кейін еріктілер тауып алды. Сараптама көрсеткендей, қыз бас ми жарақатынан көз жұмған. Бір айдан кейін күдікті қолға түсті. Қостанай облысы прокуратурасы қызметкерлерінің мәліметінше, ұсталған азаматқа ақыл-есі кем деген диагноз қойылған еді.
Сурет Алау сайтынан алынды