Google Translate-нің қазақшалануына үлес қос
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында "WikiBilim" қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы осылай мәлімдеді.
Кеңес төрағасының айтуына қарағанда, "WikiBilim" қоғамдық қорының "Beeline" компаниясы қолдауымен жүзеге асырып жат-қан қазақ тілін Google Translate қызметіне қосу жобасы жаңа кезеңге өткен. Енді еліміздегі қазақ және ағылшын тілдерін жетік білетін тіл жанашырлары Google Translate жүйеcі ұсынған аудармаларға баға беріп, жаңа сөз бен сөз тіркестерін аудару арқылы үлес қосулары керек.
Айта кетсек, қазақ тілін ғаламдық аударма қызметіне қосу жобасына қалың көпшілікті тарту Google Translate қауымдастығы құрылғанға дейін басталған болатын. Ал енді "Google Translate+Kazakh" жобасына үлес қосқысы келетіндер http://translate.google.kz/community сілтемесі арқылы өтіп атсалыса алады. Жоба қатысушылары ұсынылған сөз бен сөз тіркестерін ағылшын тілінен қазақшаға аудара алады. Сондай-ақ, мұнда машиналық терминдерге де аударма ұсынған. Оның сыртында сөз бен сөз тіркестерінің аудармаларына баға беріп, дұрыс аудармаларды бекітіп бере алады.
Айта кететін бір мәселе, мұндай бір операцияны орындау 5 минуттан артық уақыт алмайды екен.
Мешіт Ғазиз.
























