Жауынгердің қызы
Ораз әкесі майданға аттанғанда он екі жаста болатын. Үйелмелі-сүйемелі бес баланың бірін жетектеп, бірін көтеріп жүріп өсірген шешесі – Кәмпит жарықтық «Сталин» колхозының бас көтерер ер-азаматтары соғысқа кеткенде білегін түріп, шаруашылық жұмысына араласты. Елде қалған үлкен кісілер және әйелдермен бірге бұғанасы әлі беки қоймаған балалар да көппен бірге жұмысқа шыққан.
– Бозала таңнан тұрып, шешеміздің соңынан еретін едік. Біздің сондағы істейтін бар шаруамыз егінді торғайлардан қору, – дейді Ораз апа балалығын жалмаған сонау бір қиын кезеңдерді еске алғанда. Үйдегі бес баланың үлкені болған соң кейінгі іні-сіңлілеріне де бас-көз болды. Анасының қолғанаты да осы Ораз-қыз еді.
Әкесі Аймақ майданға кетіп бара жатып жарына: «Балаларға өзің бас ие бол, қолыңнан келгенше тарықтырма. Оқу оқыт, көздерін аш», – деп аманаттап кетіпті. Кәмпит сол аманатты бұлжытпай орындады. Ораз апайдан кейін өмірге келген Мұқат, Оразбек, Оразхан (бүгінде химия ғылымдарының докторы, белгілі профессор- автор), Аймандар жоғары білім алып, әрқайсысы өмірден өз жолдарын тапты.
Аймақ Тәшіков соғысқа 1942 жылы «Сталин» колхозынан аттанды. Содан Сталинград түбінде шайқаста ерлікпен қаза тапты деген тілдей қара қағаз ғана келді.Басқа дерек жоқ.
– Ауылға бір хат келсе елең ете қаламыз. Қуанышты хабар келер деген үміт қой. Өң мен түстің арасында жүрген шешеміз сонда да ауыр жұмыстан бел жазған жоқ. Соғысқа кеткендерден күн аралатып қара қағаз келетін де ауыл іші күнде азан-қазан боп жататын, – дейді еңбек ардагері.
…Соғыс салған жара көпке дейін жазылмады. Қаншама отбасы қара жамылды. Бірақ, шиеттей балаларын жеткізу үшін белін бекем буған анаға ертеден қара кешке дейін қайғы жұтып, құр қарап отыру қайда?
«Бәрі майдан үшін,бәрі жеңіс үшін!» Әйтеуір сұм соғыс тез аяқталса екен! Ел ішіндегілердің бәрінің тілегі осы. Сондықтан, жұрттың бәрі жеңісті жақындатуға үлес қосты. Шаршау, шалдығу дегенді білмей өтті, әсте.
Өстіп жүріп жетілген жауынгердің ұл-қыздары қатарға қосылып, көп ұзамай көшке ілікті. Ораз апа өзінің бар ғұмырын сауда саласына сарп еткен кісі. 1952 жылы Торғай ауданында тұтынушылар одағында істеді. Банкте бухгалтер болды.Міне содан бері, қашан зейнет демалысына шыққанға дейін өзінің сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Біздер мектепте оқып жүргенде Ораз апай Аманкелді орта мектебінде буфетте жұмыс істеді. Айтпақшы, бұл кісінің ері , бүкіл исі қазаққа есімі мәшһүр кенші Еркеш Тәуешкин еді. Кезінде бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланған Қазақстанның еңбек сіңірген құрметті шахтері –Ерекеңнің даңқы бүкіл Одақтан асып, шет елдерге жайылғаны көпке мәлім. Қарағанды көмірін қазуда рекордтық көрсеткіш орнатқан кеншіге атақты Алексей Стаханов өзінің алтын бұрғысын табыс еткенін де ана бір жылдары жазған едік.
Қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың Еркеш ағамыз туралы «Май толғауы» дейтін өлеңі бар. Сол жыр шумақтары 5 сыныптарға арналған қазақ әдебиеті оқулығына енген.
Қопарып таудың тағы
тас көмірін,
Елінің көркейтуге
жақсы өмірін.
Бұл тойға шашуымен
Еркеш келді,
Көтеріп көмірімен
жас көңілін.
Жас батыр қаһарланса
тау ышқынды,
Бір тауды бір тауға әкеп
қауыштырды.
Бәрінің мақтанышы –
Еңбек Ері,
Қарсы алды тойдағылар
Тәуешкинді,–деп жалғасып кете беретін шуақты толғауды Ораз апа бүгінде немерелеріне жатқа айтып береді.
Атағы алысқа кеткен Еркеш аға 1975 жылы туған жерге бір жола қоныс аударды. 1991 жылы өмірден озғанша өзі туып-өскен «Торғай» кеңшарында құрылыс саласында еңбек етті. Жұбайы Ораз Аймаққызы екеуі 30 жылға жуық бірге түтін түтетіп, үш баланы өмірге әкелді. Бәрін оқытты, тоқытты. Рита, Ермек және Алтынай есімді ұл-қыздары ата-ана атына ешқашан селкеу түсіріп көрген емес. Бүгінде Ораз апа тоғыз немеренің әжесі. 85 жасқа келсе де әлі тың. Көзі көреді, құлағы анық естиді. Оны айтасыз, кейде қолына білтегешін алып, немерелеріне оны-пұны тоқитыны бар.
Ораз апа өзі де әлдеқашан елдің ыстық ықыласына бөленген жан. Заманында бірнеше рет социалистік жарыстардың жеңімпазы атанды. Кеудесіне «Сауда ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» тәрізді медальдері жарқырайды. Бүгінде Тәуешкиндер отбасының бүгінгі алтын қазығына айналған Ораз апа аудан орталығында, ұлы Ермек пен келіні Мархаббаттың қолында тұрады.
Қазақ даласын жаппай аштық жайлаған жылдары дүниеге келіп, отызыншы жылдардың ойранын бала да болса көзімен көрген Ораз апа – жауынгер Аймақ Тәшіковтың қызы бүгінгі тәуелсіз елдің тұрмысына мыңда бір шүкіршілік етеді. «Ұрпағымыз аман болып, еркін өсіп-өнсін! – деп кейінгілердің тілеуін тілеп отырғаны.
Жанкелдин ауданы.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
СУРЕТТЕ: Еңбек ардагері
Ораз Аймаққызы.
Ораз Аймаққызы.