Ардагерге құрмет көрсетті

Әулиекөлдегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 5 сынып жетекшісі Гүлсара Әбдірахманова мен тәлімгер Іңкәр Ысқақова бастаған оқушылар мен «Жас ұлан ұйымының» белсенділері ардагер Алдаберген Қасқаұлының үйінде болып, қарияның үйінің ауласын жинастырып, қоқыстан тазартты.IMG-20150427-WA0024
Алдаберген Қасқаұлы сонау сұрапыл жылдары Молдава, Румыния, Польша, Чехославакия жерлерін азат етуге қатысты. «Висла-Одер» операциясы кезінде де Нейсе, Шрее, Одер өзендерінен бастап Берлинге дейін барған. Ардагердің Отан үшін от кешіп, жанқиярлықпен күрескен еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол «Ұлы Отан соғысы» 2-ші дәрежелі орденімен және «Ұлы Отан соғысына 25 жыл», «Жуков атындағы медаль», «Белоруссияны босатудың 60 жылдығы» сияқты толып жатқан медальдармен марапатталды. Қолына қару алып Отанын қорғаған ардагер атамыз бейбіт күнде де елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етті. Ол соғыстан кейінгі жылдары еңбек жолын жүргізушіліктен бастап, ұзақ жылдар бойы Торғай машина-трактор стансасында, одан кейін Семиозер жолаушылар таситын автобус паркінде жиырма жылдай еңбек етті. Бүгінде сексен тоғызға келген ардагер өзін осы ғұмырында еңбекте ғана емес, отбасында да үлкен бақытқа кенелген жанмын деп санайды. Құдай қосқан қосағы Ақбала әжемізбен бірге алпыс екі жыл бірге ғұмыр кешіп келеді. Балаларын бар байлығым деп санайтын қос қария осы күні он бір баладан тараған немере, шөберелерінің қызығын көріп, солардың амандығын тілеп отырған жайы бар. 
-Ауданымызда Алдаберген атамыз тәрізді ардагерлер саусақпен санарлықтай ғана қалды. Әрине, ардагерлерімізге қандай құрмет пен сый көрсетсек те ол аздық етеді. Өйткені, бұл кісілер сол сұрапыл жылдары қайсарлық пен қаһармандық танытып, Отан үшін от кешіп, бізге бүгінгі бейбіт өмірді сыйлады. Ал, жауынгер аталарымыздың ерліктерін өскелең ұрпаққа таныту – біздің міндет. Сондықтан, мереке қарсаңында атамыздың көңілін бір серпілтіп тастайық деген ниетпен үйіне келіп, қолқабыс қылып жатырмыз. Ардагердің үйінің ауласын тазартып, қыстан қалған қалдықтарды шығарып, аз да болса өзіміздің көмегімізді тигізудеміз, – дейді сынып жетекшісі Г.Әбдірахманова.IMG-20150427-WA0016
 «Ардагер ата» деп қадірлеп келген оқушылар мен ұстаздардың бұл көмегіне ақсақал да дән риза болып, ақ батасын жаудырды. Және сұрапыл соғыста бастан кешкендерін баяндап, жауынгерлердің ерлігі туралы әңгімелеп берді.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓