Еңбек ерте есейткен
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл. Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміздің ерен ерліктері ұмытылмайды.
Ұлы Отан соғысына аудан бойынша 4167 адам қатысқан. Оның 2261 майданда көз жұмып, елге оралмаған. Қалғаны елге оралғанымен, бүгінгі күні арамызда жоқ. Ұлы Отан соғысына теңестірілген тыл, Чернобыль, Ауған соғысының ардагерлері мемлекет қамқорлығында. Олар ай сайын мемлекет тарапынан жеңілдік есебінде 8751 теңге көмек алады. Сонымен қатар, 9 мамыр Жеңіс күніне орай, 14585 теңге біржолғы сыйақы берілді. Аудан бойынша, Ұлы Отан соғысына теңестірілген 56 ардагерге мереке сайын сый-құрмет жасалып тұрады. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұсынысымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауған ардагерлері жылына бір рет сауықтыру санаториялық демалу орталығына жіберіледі. Биылғы жылдан бастап аталмыш демалу орнына тыл ардагерлерін жіберу де жоспарда бар.
Қазақ халқының қабырғасын қайыстырған зұлмат соғыс кезінде елде қалып қара жұмысқа төселген кешегі жас балалар бүгінде ел ақсақалдары. Ауданымызда тылда еңбек еткен 46 ардагер бар. Солардың бірі – сексеннің сеңгірінен асқан абыз қария Нүретден қажы Молдабеков.
Соғыс басталған жылы Нүретден Сыпабекұлы бар болғаны 4 жасар бала болған. Жоқшылық заман. Еңкейген қарт, еңбектеген бала қара жұмысқа білек сыбана кіріскен уақыт. Аралбайдағы "Қызыл ту" деген жерде анасы, інісі Нығмеджан үшеуі талай қиын күндерді бастан өткерген.
– Қиын заман еді. Ол кезде барлығы қой сауып, оның сүтін үлгіртіп, құрт-ірімшіктерін айырып, майдандағы қандастарымызға жинап жіберетін. Сол кезде 4-5 жастағы бала болсақ та әлі күнге дейін бәрі көз алдымда. Әкем Эстония жерінде майданда болды. Кішкентай болсақ та інім екеуміз шығыр айдап, анамызға малға қарасып, алып кел, апарып кел дегенінде жүретінбіз. 1945 жылы 1-сыныпта оқып жүрген кезім болатын, мамыр айы барлығымыз далада жүргенде бір атты адам келді. Қолында бір парақ қағазы бар. Сүйінші сұрап: "Біз жеңіске жеттік!" – деп айқайлап көрші ауылға өтіп кетті. Ауыл у-шу болып, мәре-сәре болғаны есімде, – дейді Нүредтен Молдабеков.
Әкесі Сыпабек елге аман-есен оралып, жақсы қызметте болған кісі. Ата-анасының рұқсатымен 1957 жылы Смағұлқызы Нәзипамен отау құрады. 1960 жылдары Қостанай ауылшаруашылық техникумының бухгалтерлік мамандығын "Үздік" дипломмен аяқтаған. Қаржы саласында еңбек етіп, елдің экономикасының дамуы жолында талай жыл қызмет жасады. 1998 жылдары аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметінде болып, сол жылы зейнеткерлікке шыққан. Кішкентайынан қиындық көріп, өмірдің ащы-тұщысын бастан өткерген ақсақал, бүгінде "Жанкелдин ауданының құрметті азаматы", ҚР Ауыл шаруашылығының "Құрметті ардагері" және мемлекеттік қызметтің ардагері. Жас буынға дұрыс бағдар беріп отырған абыз қария. Өмірі түрлі бұралаң жолдарды өткеруді жазғанымен, сол еңбек еткен жылдары еңбегі бағаланып, алған төс белгілерімен мақтау қағаздары жетерлік. Бүгінде жұбайы Нәзипа Смағұлқызы екеуі 12 бала өсіріп тәрбиелеген. Балаларының бәрі жоғары білімді, әр салада мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Балаларынан 13 немере 5 шөбере көріп отырған бақытты ата-әже.
Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ.