Әр қазақ Cәкеңдей болса
"Тірілердің парызы – өлілерді тірілту, өлілерді тірілту – өткендерді еске алу" деген бар. Осы ретте менің есіме Сартай Жүнісұлы Омаров түседі. Сәкең арамызда болса биыл 90 жасқа келетін еді, Жеңістің 70 жылдығын елмен бірге тойлар еді.
Сәкең 1925 жылы 9 қаңтарда Қостанай облысының Федоров ауданында дүниеге келіп, 17 жасында армия қатарына алынып, 1947 жылы оралып, елде аянбай еңбек етті.
Ұлы Отан соғысына қатысып, взвод командирі болып, бірнеше медальдарға ие болса, еңбектегі өмірін ел ішінде ұста, комбайыншы, тракторшыдан бастап, совхоз директоры, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық ауылшаруашылығы басқармасында, зейнеткерлікке шыққанша он жылдай Аманкелді ауданында бірінші хатшы болып, абыройлы қызмет істеді. Еңбегі өз ортасында, Отан алдында ескеріліп, бағаланды да. Екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденін, екі рет Құрмет белгісі орденімен, бірнеше медальдарға ие болды. Ауыл ша-руашылығына еңбегі сіңген қайраткер атағын да алған болатын.
Сәкең ерекше кісі еді, зор денелі, батыр тұлғалы, еңбек-қор, шешімді адам болатын. Көзінше мақтап, қолпаштауды ұнатпайтын. Сондықтан болар, қонаққа, көпшілік жиналған отырыстарға жиі бармауға тырысатын. Ондай отырыстарда бірін-бірі ұнатпайтындардың да тост көтеріп, орынды-орынсыз бірін-бірі мадақтап, бірде сыртынан жамандап жататынына қатты ренжитін, ондай адамдарды жек көретін, ондайлардың екіжүзділік қалыптарын көргісі келмейтін. Көбінесе қонақта 3-4 адам ғана болатын ортада жақсы отыратын, оның ішінде өзінің замандас, қызметтес болған, соғыс ардагерлері Зәйеке Божыманов, Өмірбай Исахов, Жәлел Мыржақыповпен ерекше сыйласып, араласушы еді. Тарихи романдарды оқып, әңгімешіл адамдарды жақсы көріп, араласатын. Менің білетінім Сәкең жеке кездескенде адами әңгіме айтатын, қалпы таза, ашық кісілерді жақсы көретін.
Арқалық өңіріндегі айтыскер ақын Әбдеш Жантасовты аяқ астынан шақырып, өлеңін тыңдап, өзіміз өлең айтып, бір мәз болған сәттер де есте. Өз ортамызда менің "Аққұм", "Жеңеше", "Қорлан" сияқты ән-өлеңдерді айтқанымды тыңдайтын. 1960 жылы еліміздің ерекше сүйікті, ардақты ұлы, Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев бастаған "Правда" газетіндегі "Торғай шақырады" үндеу-мақаласына қолдау жасап, атсалысқандардың басында Сәкең де (Сартай Омаров) болды. Торғайдың жапан даласында совхоздар ашылып, тың көтеріліп, Отанымыздың әр түкпірінен әртүрлі ұлт азаматтары тың көтеруге ағылып келе бастады.
Сол 1960 жылы жаңадан ашылып жатқан "Сарыөзен" совхозына директорлыққа Сәкеңді ұсынуда, сол кездегі келіп жатқандардың қиындығы да тәртіптің басшысы да емес, кейбір тентектердің қолында жиі болатыны да себеп болатын. Сондай бір сәттерде алғашқы күндердің бірінде арақ ішіп, әртүрлі қаруланған топтың ортасына кіріп барып, алдарындағы бөтелкенің бірін алып, аузын ашпай (белгілі бір әдіспен) темір есіктің кернегіне соғып, бөтелкенің мойнын ғана сындырып ішіп салады. Ешкімде үн жоқ… Сәл уақыттан кейін ортаның еңгезердей атаманына жүр деп, ойласып, бірдеме деуге шамасын келтірмей, машинасына мінгізіп, сыртқа – ауыл сыртындағы бір сайдың қасына әкеліп, машинасынан бір бөтелке алып, екіге бөліп құйып, "іш" дейді. Секем алған, не істерін, не айтарын білмей есеңгіреп тұрғанда: "жаңа сенің дәміңді таттым, қазір сен менің "қонағымсың", "іш" – деп ішкізеді. Басқа ештеме демей, ауыл шетіне әкеліп машинадан түсіп жатқан "дәуге" Сәкең жанында жатқан мылтығын көрсетіп, "ертеңнен бастап, менің айтқанымды тыңдамай, жұмыс істемейтін бір адам болса, мен тек сені ғана білем" – деген көрінеді.
1967 жылы Арқалық ауданының Майкөтов совхозының директоры Бөлегенов Тұрсын деген жігіт соқыршекке жасал-ған операциядан кейін 3-4 күннен соң қайтыс болды. Қостанайдан Танко, Еңбек Ері Нариман Исмағұлов сияқты хи-рургтер де келді. Тұрсын спортшы жігіт болатын, қауырт жұмыс кезі болғандықтан ба "қайдағы бір іш ауруға бола ауруханаға несіне барам?" деп, "қазақша-орысша" емделіп, уақыт жіберіп, дәрігерге өте кеш келіпті. Байсалды, өте шыдамды жігіт еді. Қайтыс боларынан аз ғана уақыт бұрын палатасына кіргенімде, Сейдеғали жанында "Салықбек, Сәке мына Сейдеғали мен өлсем, балаларыма қарасар ма екен?" дегенде, күндіз- түні қасында жүрген досы Сейдағали "неге олай дейсің, жаман сөз айтпа, бәрі жақсы болады" деп ұрысқандай, болып, теріс қарап көзіне жас алғанын көріп, достықтың қандай болатынына көзім жетті. Сол достық сезім кейін екеуміздің арамызда да жалғасқандай.
Сол Сейдеғали көп ұзамай, Алматыға көшіп кетті. Қазір Райымбек ауылында тұрады.
Сол күні Тұрсын қайтыс болды. Не істеу керек? Ол кезде Қозыбаев Арқалықтан Қостанайға қызметке ауысқан, басшылардың басқа ұлттардан көбірек кезі. Басшылардың күндіз егін басында болып, үйлеріне кеш келетін кездері. Сұ- растырып, қазақ басшыдан С.Омаровқа хабарластым, жағдайды айттым "сен кімсің деп сұрап алып, қазір барам" деп, бір кезде еңгезердей үлкен кісі кіріп келді, мен орнымнан тұрдым. "Жаңағы менімен хабарласқан сен бе?" –деп бір сәт қарады да, коммутатор арқылы сөйлесетін телефонмен Алматыға, тағы да басқа көптеген кісілерге қоңырау шалды. Тұрсынды шығарып салуға жан-жақтан, Алматыдан адамдар келді. Басы-қасында Сәкең, Өмекең, осы Сейдеғали болды. Ойдағыдай шығарып салды.
Сәкең кейін бір-екі айдың шамасындай уақытта таңертең ерте келіп, жұмысқа да ескертуге қаратпай (басшыларың әлі ұйқыда деп) совхоз аралауға (меніңше, бұрын ескертіп қой-ған болу керек) алып шықты. Келгенде амандықтан кейін жымиып, "өзің жұқалаусың ғой, жүр тамаққа бір тойдырып қайтайын" дегенде, әлі толық білмейтін үлкен кісіге, әжеме еркелегендей, Сәке, маған бір тойған не болар дейсің?" – дегенімде, "әй, сен өзі қай елденсің, қазақша сөйлеп кеткің келіп тұр ғой", "кедейдің…" деген мәтелін естігенің де бар шығар, – деп риза болғандай күлгені бар.
Сол кездерден бастап, көбіне бірге болдық. Жас айырмашылығыма қарамай, дос болдық. Сондай бір күндерде "Қайыңды" совхозында бір үйде басқа саладағы бір-екі орыс жігіттер бар, қонақта отырғанда, сырттан бір жігіт жетектеген зағип ақсақал келіп, отырмастан: "Шырақтарым, осында Сартай келді дегесін, бір шаруамды тапсырайын деп келіп едім" деп шаруасын айтты. Түнде Арқалыққа келгенде қонақасыдан, жолдан шаршасақ та, кеңсесіне соғып, шалдың шаруасын қағазына жазып жатқанын көрдім. Ертеңгі аласапыран жұмыстан ұмытып кетпейін дегені болар. Кейін де қаншама адамдарға, көбіне қарт- тарға көмектескеніне куә болдым.
Иә, жас, қызмет алшақтығына қарамай сөйлесіп, пікірлесіп, әзілдесетін де едік, тіпті кейде "ақыл" да айтатынмын. Ондайда "ақылшым, мен үлкейіп қалдым ғой, ақылың енді маған қона қояр ма екен?" деп рахаттанып әзілдейтін еді. Сондай кездесулердің бірінде айтылған бір ойларын, кейін бір баспадан да оқығаным бар, онда: "Біздер елуге келе жатырмыз", – деп ой тол-ғайды Сартай бір әңгімесінде. – Ал, бірақ елуге жетпей, қырық алтысында көз жұмған Иса, қырық үшінде қайтыс болған Қасым, қырық төрттерде дүние кешкен Сәкен, Бейімбет, Ілиястар біздерден үлкен сияқты. Бұл неліктен? Меніңше, – дейді ойын сабақтап, – бұл олардың елге деген қызметінің асқар таудай үлкендігінде. Сол кісілердей асқан талантты болмасақ та елді сүйіп, халықты құрметтеу – қасиетті парызымыз…" – деп жазған екен.
Ол кісінің көп оқитынын, өзі оқығандарына жұрттың пікір-лерін де білгісі келетінін білетінмін. Ал мына ой да сол істерін дәлелдей түседі емес пе?! Сәкең маған сенді, менің ол кісіге жасаған бір істерім үшін емес, көбіне өзінің бетіне айт-қан сөздерім, пікірім кейде сұраған сұрақтарым үшін-ау деп кейін ойладым, бірге жүргенде неге екенін ойламаппын. Сәкең адамдарды бір көргенде жақсы немесе жаманын байқап қалатын еді.
Иә, Сәкең елдің бәріне жақты ма, ол мүмкін бе, айта алмаймын. Бірақ айтуға тұрарлықтай "ол сондай" деген адамды көзі барда да, кейін де "ел құлағы – елу" деген, құлақ түріп, сұрастырып жүргенде де кездестіре алғаным жоқ.
Сәкең қай елде болса да, Ар-қалықта да, Амангелдіде де тұрған үйлерінің ауласына ағаш, жеміс-жидектер егетін, оны өзі күтетін. Қазір сол ағаштары әлі де көктеп, сән беріп тұр. Кеңсе, көше, парктерге де ағаш отыр-ғызуға көп көңіл бөлетін. Сәкең жұбайы Айна жеңгеймен 8 қыз, 2 ұл өсірді, олар еліміздің әр жерінде еңбек етуде. Кіші ұлы Мәскеуде – ғылым жолында. Бір әңгімелерінде, кейбіреулердің балаларының атын орысша, не мағынасыз бір аттармен атауына риза болмай, ұл баланың есімін дұрыс қоюға тырысу керек деп отыратын.
Өзінің үлкен ұлының аты Наурызбай, кішісінің есімі Ақай (бұл да бір батырдың аты болуы тиіс).
"Қолдан келгенше құдалық мәселесіне де мән беру керек", – деп үлкен ұлына қызды көп іздеді, реті келмеді. Торғай өңірінен өзі қатарлас, Зәйеке ағайға ұқсас бір құда кездессе деп жүретін. Ұлына реті келмесе де бір қызын өзі теңдес тор-ғайлық Ысқақов Ибраим ағайдың бір ұлына ұзатты.
Сәкең басқаша жағдайға қолы жетсе де, қайда болса да қолдарына сиыр ұстайтын. Сиырды жеңгей сауып, басқа барлық күтімін өзі атқаратын. Сәкең еккен жемісіне, сиырының сүттілігіне мақтанатын. Ол үйдің айранындай айран сирек болатын. Иә, өмірде осындай қимас адамдар да болды.
Мұса САЛЫҚБЕК,
дәрігер-зейнеткер.