Екі жылға шегерілді
Қазақстандық фермерлер үшін агрохиманализдің міндетті карталарын енгізу екі жылға шегерілді. Бұл шаруа қожалықтары үшін жақсы жаңалық. Енді фермерлердің бәрі қолында электронды агрохимиялық картограммасы бар-жоғына қарамастан минералды тыңайтқыштарға субсидия алуға өтініш бере алады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.
«Субсидиялау кезінде электрондық агрохимиялық картограммалардың міндетті түрде болуы туралы талап 2021 жылдан бастап күшіне енді. Бұл зертханалық қызметтерге ақы төлей алмайтын көптеген фермерлер үшін кедергі болары сөзсіз. Бүгінгі таңда облыста тек алты кәсіпорын ғана минералды тыңайтқыштарға субсидия алуға өтінім берді. Қалғандары жаңа талапқа байланысты ала алмады. Бұйрық күшіне енгеннен кейін олар да өтінім бере алады», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің бастығы Қайыр Айсин.
Естеріңізге сала кетейік, жаңашылдық өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларының 65-тармағының 7-тармақшасында жазылған болатын. Бұл талап фермерлерге көптеген мәселе тудырды. Көпшілігі 2021 жылдың 1 қаңтарында агрохимиялық параметрлер бойынша топыраққа қажетті талдау жасауға үлгермеді. Өйткені, зертханалар өтініштер ағынын жеңе алмады. Ал электрондық картограмманы қалтасы көтермеген көптеген ұсақ фермерлер мемлекет қолдауынсыз қалды.