Құрылыстағы қызу тірлік

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өткен демалыс күндері қаладағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстың қарқынын байқады. Шаһарда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Әсіресе «Қонай» шағын ауданында қызу тірлік. Сондай­ақ, мүгедектерге арналған дене шынықтыру­сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.
Мүгедектерге арналған кешенде ойын, жаттығу, күрес залдары қамтылмақ. Кешеннің өткізу қабілеті сағатына 48 адамға жетеді деп жоспарланған. Құрылыстың жалпы құны 400 млн теңгені құрайды. Аймақ басшысы болашақ нысанның орнын көріп, жоспарды тағы бір мәрте пысықтады. Одан кейін Қобыланды батыр даңғылындағы тұрғын үй құрылысының барысын қарап шықты. Тоғыз қабатты үйде 108 пәтер болады. Қазір екінші қабаттың кірпіші қалануда. Бұл үйді жылдың соңына дейін, яғни биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі «Аэропорт» және «Қонай» шағын аудандарындағы көпқабатты үйлердің құрылысына да соқты. «Қонай» шағын ауданында жұмыс қызып тұр. Мұндағы жеті нысанда шатыр монтажы жүргізілуде. Аталған шағын ауданда биыл 19 көпқабатты тұрғын үй салынады. Оған қоса тағы он бір үйдің құрылысы жоспарланған. Облыс басшысы қала әкімі Қайрат Ахметовке жоспарланған жұмыстарды сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓