Елбасының бастамасымен ашылған кәсіпорын
"АгромашХолдинг" компаниясы тарихының Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентіне қатысы бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сонау 1982 жылы Нұрсұлтан Назарбаев КСРО Министрлер Кеңесіне Қостанай дизель зауытының салынуын қолдайтындығын жеткізеді. Содан бері бұл өндіріс орны Елбасымыздың назарынан тыс қалып көрген емес. Алғаш кәсіпорын жүк көліктерінің қозғалтқыштарын шығарып келген болса, 2003 жылдың көктемінде зауытты "АгромашХолдинг" АҚ сатып алды. Қазіргі таңда "СарыАрқаАвтоПром" серіктестігімен бір аумақта орналасқан компаниялар SsangYong, Peugeot, Toyota, Hyundai маркалы автокөліктері мен Iveco коммерциялық техникасын, сондай-ақ кең көлемде ауыл шаруашылық техникасын жасап шығаратын еліміздегі бірден бір өндірістік кәсіпорынға айналды.
Акционерлік қоғам өнеркәсіпті қалпына келтірумен қатар, ауыл шаруашылық техникасын шығарып қана қоймай, астық жинайтын "ESSIL КЗС-740", "ESSIL КЗС-760" және дәнді-дақыл жинайтын "КСК-600" комбайндарының өндірісіне кірісті. Ол үшін 2007 жылы Беларусьтің "Гомсельмаш" компаниясымен әріптестік орнатып, КЗС-812 "Полесье GS812" негізінде 4-класты "Еssil-740" астық жинайтын машиналар құ-растыра бастады. "Гомсельмаш" өндірістік бірлестігімен бірлесіп, астық оратын 6-шы класты "Essil КЗС-760" жаңа үлгідегі ауыл шаруашылық техникасын жасауды бастады. Комбайнның астық ору қуаты жоғары әрі үнемді. Сондай-ақ, ол ауа райының қолайсыз күндері де жұмысын тоқтатпайды, ылғал дәнді де бастыруға ыңғайы бар. Жалпы "Essil КЗС-760" егін ору техникасы Қазақстанның дәнді алқаптарында сынаққа салынып көрді. Нәтиже жаман емес, барлық техникалық жағынан жоғары бағаланып отыр. Беларусь елімен әріптестік орнағаннан бері 2 мыңнан астам комбайн нарықтағы саудаға жол тартты. Қазір "АгромашХолдинг" АҚ мен "Гомсельмаш" ААҚ бірлескен кәсіпорын орнатып, өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отыр.
Осыдан төрт жыл бұрын Қа-зақстан нарығында SsangYong көлігі аса танымал емес еді. Тек 2010 жылдан бастап қостанайлық компания жылына осы көлік түрінің 7500 данасын құрастыру науқанын қолға алғаннан бері аталған темір тұлпарлар еліміздегі тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болғанын айтып жатудың өзі артық. Компания басшылығы алдымен қазақстандықтардың жол талғамайтын көліктердің орташа бағамына деген сұранысын зерттеп, олардың 20-25 доллар аралығында бағаның қолжетімді екеніне тоқталды.
Сергей Могилатов,
"АгромашХолдинг" АҚ Қостанай филиалының директоры:
– Автокөлік өндіру саласының дамуы кәсіпорынның заманауи логистикалық инфрақұрылымын жасауға себеп болды – бір мезетте 50 жүк контейнерлік салмақты көтеретін 3 теміржол тұйығы салынса, 2400 автокөлік еркін сыятын қойма пайдалануға беріліп отыр. Оған қоса, 60 мың шаршы метрлік уақытша сақтау қоймасы да іске қосылған. Бүгінгі таңда зауыттың өндіру жағынан қазақстандық үлесі 35%. 2017 жылға қарай 50 пайызға қол жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ал не-гізгі бағытымыз – жүз пайыздық өндіріс әрі неғұрлым бәсекеге қабылетті өнім шағыру. Былтыр-ғы жылдан бастап компаниямыз қазақстандық тұңғыш жол талғамайтын SsangYong Nomad маркалы көлігін ұсақ торапты (CKD) әдісі бойынша шығаруды бастады. Оған көліктің шанағын дәнекерлеу мен сырлау жұмыстары да кіреді. Аталған көлік маркасын жасауға роботталған кешен пайдаланылады. Осындай замануи технологиялық жұмыстардың арқасында Женевада өткен халықаралық 84 автосалон көрмесінде біздің кәсіпорнымыз жоғары бағаға ие болды. Nomad моделі көптеген шетелдіктердің қызығушылығын тудырды. Біз келер жылдан бастап SsangYong Nomad көлігін Ресей нарығына экспорттауды жоспарлап отырмыз.
2012 жылдан бері Chance автокөлігі кең көлемде саудаға жол тартса, былтырғы жылдан бастап Peugeot автокөлігін құрастыру жобасы іске қосылды. 2013 жылы өңіріміздің көлік зауыты 6 мыңнан астам темір тұлпар саудаға шығарылса, биылғы жылдың аяғында өнеркәсіптен 8 көлік нарыққа жол тартпақшы. Ал үстіміздегі жылдың 12 маусымында шетелдік инвесторлармен болған Форум аясында Елбасы телекөпір арқылы "Тойота. Қазақстанда жасалған" жаңа инвестициялық жобасының тұсауын кескені баршамызға белгілі. Қостанай өңірі тек елімізде ғана емес, Орталық Азияда тұңғыш Toyota көлігінің өндірісін бастап отыр. Енді өнеркәсіп жылына аталған көліктің 3 мың данасын шығаруды жоспарға қойды.
2012 жылы зауыт Қазақстанда теңдесі жоқ – Iveco коммерциялық көлігін шығаруға кірісіп кетті. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Iveco ауыр техникасын шығару жобасы жүзеге асырылғалы компания жаңа белестерге көтерілді. Биылғы жылдың аяғында кәсіпорын аталған көлік түрінің 700 данасын шығармақ. Бұған қоса, IVECO компаниясымен жасасқан әріптестік оң нәтиже әкелді – "IVECO-Қазақстан" бірлескен кәсіпорны құрылды. Енді қоян-қолтық жұмыстың нәтижесінде 2017 жылға қарай көлік шығару көлемі 15 мыңға жетпек. Компанияның тағы бір жаңалығы, алдағы уақытта Iveco Stralis ауыр жүк көлігін жасау іске қосылмақ. Аталған машина "2013 жыл-ғы үздік жүк көлігі" байқауының иегері. Алыс қалааралық және халықаралық бағыттарға арналған заманауи Iveco Stralis көлігі-нің жүгімен қосқандағы толық салмағы 44 тоннаға жетеді. Ең бастысы, орнықты, үнемді әрі қауіпсіз көлік техникалық жағынан да ерекшеленеді.
Қазіргі таңда "АгромашХолдинг" АҚ біліктілігі жоғары мамандармен толығу үстінде. Тек өткен жылы өнеркәсіп жаңа 500 жұмыс орнымен толыққан. Ал оқу орталығының бастамасымен қостанайлық мамандар итальяндық "IVECO" зауытына, Оңтүстік Кореяның "SsangYong Motor Co" компаниясына, Ресейдің "УАЗ" кәсіпорнына, Калуга қаласындағы (Ресей) "PSA Peugeot Citroеn" зауытына барып тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Қазіргі таңда кәсіпорын білікті мамандарды өзіміздің өңірімізде-ақ даярлап шығару мәселесін қарастырып жатыр, оның тиімді шешімі – жергілікті білім ордаларында Қазақстанның машина өндірісі саласына қажетті мамандықтар ашу. Бүгінгі күні машинада күрделі дәнекерлеуші, дәнекерлеу және газ-плазмалық кесу қондырғысын үйлестіруші, шанақты тегістеуші, шанақты сырлау жұмыстарының технологы және операторы, басқа да мамандар сұранысқа ие. Компания сондай-ақ, еліміздің көлік өндірісі саласын дамыту, жоғары санатты мамандарды даярлау, оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігін арттыру мақсатында Қостанай автокөлік колледжінің негізінде машина жасау кафедрасын жасақтауды жоспарлап отыр.
Қыдырбек
ҚИЫСХАНҰЛЫ.