Жеңіс күні! Ұлы ерлікке тағзым! (РЕПОРТАЖ)
Бүгін, 9 мамыр – Жеңіс күні. Кеңес үкіметінің фашистік Германияны тізе бүктірген кезі. Сонау 1941-1945 жылдар аралығы ата-бабамыз майданға аттанып, Отан үшін, жер үшін өз өмірін өлімге қиған болатын. Олар азат ұрпақ, кемел болашақ үшін құрбан болды. Соғыс өрті сөніп, жеңіс туы желбірегеніне биыл 72 жыл толды.
Бұл күнді қостанайлықтар ерекше құрметпен қарсы алып, бар сән-салтанатымен атап өтті. Соғыс өтінде, тылда тер төккен жақындарының суретін ұстап, жұртшылық облыстық әкімдік алдына жиналды. Бұл – "Ажалсыз полк". Шамамен 3 мыңға жуық адам майдангерлердің мәңгі өшпес есімдерін ұлықтап алаңға шықты.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне алғысын жеткізді:
-Біз майданда қаза тапқандарды әрқашан өкінішпен еске аламыз. Соғыс және тыл ардагерлері мәңгі құрмет көрсетіледі. Бұл жеңістің маңызы ерекше. Аталарымыз ұлттар достығы мен ауызбіршіліктің арқасында жауды жеңіп, елді аман алып қалды. Барша ардагерлерге өз алғысымды білдіремін. Елімізде тек тыныштық болсын,-деді өңір басшысы.
Кейін шеру орталықтан бастап, Жеңіс саябағына жол тартты. Жауынгер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ, саябақ іші әскери қалашық кейпіне енді. Солдаттар ән салып, әскери тағам үлестірілді.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.