Аймақта қандай хабар бар?

Мешіттен қайырым
Облыста. ТЖ кезеңінде, 16 наурыздан бастап облыстағы мешіт 569 мұқтаж отбасыға қолдау көрсеткен. Жалпы сомасы 2 600 680 теңгеге азық-түліктер таратылып, 2 990 бетперде үлестірілген. Оның ішінде, бір ғана облыстық орталық мешіттен 193 жанұяға жәрдем жасауға 1 324 000 теңге жұмсалып,  150 дана маска үлестірген. Бұған жомарт, қолы ашық демеушілердің атсалысқанын айта кету керек. Қайырымдылық шаралары әлі жалғасын табуда.
 
Екі көше жабылды
Қостанай. Қайырбеков және Алтынсарин көшелерінде жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты 14 сәуірден бастап екі көше уақытша жабылды. Нақтылап айтқанда, Қайырбеков көшесінің Урожайный-Көбеев көшелері аралығындағы учаскесі қоршауға алынды. Ал, Алтынсарин көшесінің  Баймағамбетов-Хакімжанова көшелері аралығындағы учаскеде қозғалыс уақытша тоқтатылды.
 
10 мың бетперде тікті
Лисаков. Қаладағы 12 волонтерлік ұйым лисаковтықтар үшін 10 мың бетперде тігіп шықты. Барлығы 102 ерікті игі іс үшін күндіз-түні еңбектенген. Мұның сыртында, олар ТЖ режимі тақырыбында ақпараттық брошюралар дайындаған. Одан негізгі деген сұрақтарға жауап табуға болады. Ал маскаларды еріктілер көп балалы аналар мен халықтың аз қамтылған тобы өкілдеріне таратып берген.
 
Балдырғандар арасындағы челлендж
Рудный. Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының мұғалімі Нәзипа Ерназарова оқушылар үшін челлендж бастап берді. Үй карантиніндегі даярлық тобында оқитын бүлдіршіндерге "WhatsApp" желісі арқылы буындап оқу тапсырмасын берді. Ата-аналар бірінен-бірі іліп әкетіп, "іліпәкет" шарасын ойдағыдай орындап шыққан. Енді ата-аналар мәнерлеп оқу, көркем жазу, сурет салу сабақтарын бастауға ұсыныс жасап отырған көрінеді.
 
Қасқыр шапты
Жанкелдин. Ақшығанақ ауылының 58 жастағы тұрғыны аудандық полиция бөліміне көмек сұрап жүгінген. Ер адам ауылдан екі-үш шақырым жерде бағып жүрген отар қойына қасқыр шапқанын айтқан. Шопан түз тағысын уақытша үркітіп қууға дәрмені жетіпті. Кейін дереу полицияға қоңырау шалған. Оқиға орнына учаскелік инспектор ветеинарлық инспекция өкілдерімен келеді. Олар төңіректі шолып, жыртқыш аңды тауып, атып өлтірді.
 
Аудиожазбасына – айыппұл
Меңдіқара. Облыстағы төрт қала – Қостанай, Лисаков, Рудный, Тобыл қалалары карантинге жабылғаны туралы жалған ақпарат таратқан Қасқат ауылының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Желілерге дыбыстық жазба жариялаған күдіктіге 106 040 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Ол борышын толық өтеді.
 
Кісі өлімі тіркелді
Жітіқара. 51 жастағы тұрғын өзімен бірге тұратын ер адамды өлі күйінде тапқанын айтып, полиция бөліміне хабарласқан. Оқиға орнына тергеу-оперативтік тобы жетеді. 41 жастағы марқұмның денесін тексеру барысында желке тұстарына кеудесінің сол жақ бөлігіне ауыр жарақат салынғаны анықталды. Сол күні-ақ күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓