Татулық – баянды болашақ кепілі

Қазақстан халқының бірлігі күні – ең маңызды мерекелердің бірі. Өйткені бұл – бір шаңырақ астында, мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің әр алуандығына қарамастан, тату тірлік кешіп жатқан ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын айшықтай түсетін мейрам. Қилы тарихи оқиғалар мен талайлы тағдыр тоғыстырған отандастарды тонның ішкі бауындай жақындастырып, ауызбіршілікке ұйыстыра түсетін атаулы күн деп санаймын. Қазақстандықтарды бір мүдде, бір мақсат төңірегіне топтастыратын фактор елге деген сүйіспеншілік, оның болашағына сенім екені ұдайы айтылумен келеді. Ал мен бұл қатарға мемлекеттік тілді қосар едім. Мемлекет құраушы ұлттың тілі де біріктіруші ретінде үстемдік алатын уақыт туды. Оған үлкен мән беріле бастады. Қазір мемлекеттік тілді үйренуге ықылас танытушы, оның мән-маңызын түсінуші қазақстандықтар саны күн санап артып келеді. Талапкер азаматтарға тіл үйретуде біздің орталықтың да жемісті жұмыс атқарып келе жатқанын мысалға келтіре кеткім келеді. Халықтың құты, ырысы, рухани қайнары тіл деп түсініп, мемлекет келешегіне бейжай қарамайтын отандастар мақсатты қадамдар жасай бастағандай. Тіл түсіністіктің, түсіністік  татулықтың, татулық баянды болашақ кепілі. Лайым, мұратымыз ортақ, ертеңіміз жарқын, аспанымыз ашық, бірлігіміз бекем, тірлігіміз бақуатты болғай.

Жұлдызай Ербатырова,
"Тілдарын" облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓