Мәселелерге дәл баға берілді
Бүгін Мәжіліс отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген мәселеге тоқталып, бірқатар жүйедегі олқылықтарды сынап өтті. Бұл мәлімдемені елдегі түбегейлі өзгерістердің бастамасы деп сенемін.
Президент сөзін тыңдап отырып, Үкімет пен халықтың бірбүтін екенін түсінуге болады.
Бизнес саласындағы, Қазақстан даму банкі жүйесіндегі болып жатқан мәселелер қатаң сыналды. Сондай-ақ Президент елде байлар мен төменгі тап өкілдерінің айырмасы алшақтап кеткенін де айтты. Осындай қордаланған мәселелерге саяси баға беріліп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Мемлекет экономикасының бір тірегі – бизнес. Оны дамыту үшін бәріне бірдей жағдай туғызу керек. Сосын «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріліп жүргені бәрімізге белгілі. Ол да әбден шегіне жеткен. Осындай түйткілдердің түйінін тарқатудың кезі келгенін де жақсы айтып өтті.
Мемлекеттік қызметте қолынан іс келетін азаматтарды шет қалдырмауды, жастарға да жол ашуды тапсырды. Бізде жасы алпысқа таяғандарды жұмысқа алғысы келмейтіндер бар. Егер білімі бар, іскерлігі мықты әрі мол тәжірибесі болса, ондай азаматтарға мүмкіндік беру керек.
Ауыл әкімдерін сайладық. Енді алдағы уақытта аудан, қала, облыс әкімдерін сайлануы тиіс. Жалпылай айтқанда, мемлекеттік басқару құрылымын да үлкен жаңалықтар күтіп тұр деген сөз.
Серікбай ЖҰМАҒҰЛОВ,
мемлекеттік қызмет ардагері