Көп сұрақ жауабын тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Хабар" арнасына берген сұқбатын бастан-аяқ тыңдап шықтым. Жұрт көкейінде жүрген біраз сауалға жауап берді. Расымен, дүрбелең салдарынан санамыз айығып үлгермегендіктен, ел ішінде бұрма сөз бен ерме сөз көбейіп, ақ-қараның жігін ажырату қиындап кетіп еді. Сұрақтар төтелей қойылды, жауаптар туралап берілді. Ел мүддесін бәрінен биік ұстайтынын айтқан Президент, мұндай бейберекетке енді ешқашан жол берілмейді деп уәде етті. Ал бұл құқықтық тәртіпті күшейту деген ғана сөз емес. Бұның тағы бір мәні халық пен биліктің арасы жақындай түсіп, елдің талап-тілегі ескерусіз қалмайтынында деп ұғу керек… Қ.Тоқаев елдегі бейбітшіліке көз алартқан қаскүнемдерге қатысты да қаншама деректер бөлісті. Ұйымдастырылған террорлық әрекет әлі тергеліп жатқанын, соңғы сөз тергеуден кейін айтылатынын сөз етті. Кейбір ағайын қызыл желдетіп жүргендей, бітімгерлік үшін сырттан көмекке әскер шақырғанымыз үшін ешбір елге борыштар болмайды екенбіз. Керісінше, "көшіріп жібере алмайтын" көршілерімізбен достығымыз, экономикалық ынтымақтастығымыз беки бермек. Пейілдері жеке бастың қамынан аспайтын, аузынан ақ май аққан ат төбеліндей олигархтарды отаншылдыққа шақырды Президент. Өзбекстанның бай-бағландарының елшілдігін мысал етті. "Қазақстан халқына" қорына қайырым қылуға үндеп, "ортаймас дәулеттеріңнен ойып бермесеңдер де, қырып беріңдер" деген емеурін білдірді. Ілгері басуға іркіліс жасап отырған жемқорлыққа қарсы күрес те күшіне мінбек. Тізе берсек, көп жайдың басын шалуға болады. Ең бастысы, осы сұқбатта мен Мемлекет басшысының қақ-соқпен, пафоспен, популизммен ісі жоқ шынайылығын көре алдым. Сондай-ақ, оның соңғы уақыттардағы батыл қадамдары, ширақ шешімдері, дөп кесімдері жұрт көңілінен шығып жүр. Алдағы уақытта жария еткелі отырған саяси реформалары дамудың жаңа дәуіріне нық қадам бастырарына үлкен үміт артып отырмыз. Әрине, елді бүгінгідей белеске жеткізген Тұңғыш Президенттің еңбектерін де ұмытып кеткен жоқпыз. Ол кісінң де есімі Тәуелсіздік тарихына таңбаланды. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды, бағдарымыз – бақуатты болашақ. Ендеше, әрбіріміз сан саққа тартпай, көш тізгінін уысына алған Тоқаевтың төңірегіне топтасуымыз керек! Алғашқы әнұранымызда айтылғандай, халықтың қуаты – бірлікте!
Роза Қуанова,
Мәдениет саласының ардагері