Өнердің тілі шексіз
Шәміл Фахрутдиновтің есімі біздің өңірге ғана емес, тұтастай елімізге жақсы таныс. Ұлты татар болса да қазақ тілін, қазақ өнерін бойына сіңірген жан. Өнер әлемінде ұлтқа да, дінге де бөліну жоқ деп есептейді ол. Оның би ансамблінде отызға тарта ұлттың өкілі бар. Ел аралап, өнер көрсетеді. Ешқашан ұлтың бөлек, дінің басқа деп бір-біріне жатырқай қараған емес. Себебі, оларды өнер атты ұлы күш біріктіріп отыр. Қостанайдың бренді бола білген «Карнавал» би ансамблінің негізін қалаушы Шәміл ағамыз Ұлттардың бірлігін, достығын ерекше құрметтейтінін, өмірі, өнері жайлы әңгімелеп, бұл мерекені ерекше бағалайтынын білдірген еді. Жасы жетпіске жетсе де аттан түспеген. Сол шабыс, сол көңіл, бала тәрбиесі, мереке жайы осының бәрі оның өмірінің мәнісіне айнала білген.
Тілді меңгермеу мүмкін емес еді
Мен негізі осы Қостанай өңірінің тумасымын. Бірақ біз кейін Қызылорда облысына әкемнің жұмысы бойынша көшіп кеттік. Мен сол жақта өстім, жетілдім. Қызылорда өңірін өзіңіз жақсы білесіз, қазақ тілін, дәстүрін ол жақта үйреніп алмау тіптен мүмкін емес. Сондықтан қазақ тілін жақсы білемін. Негізі арғы аталарымыз қазақ жеріне қиын-қыстау заманда қоныстанған. Оқып, білім алып қайтадан Қостанайға келген соң өкінішке қарай тілім шұбарлана бастады. Себебі, сол кезде мұнда тілдік орта болмады. Соған қарамастан қазақ тілінде жап-жақсы сөйлеймін. Бала кезімнен би билегенді ұнататынмын. Кейін анамның әкеме жазған хатын тауып алдым. Онда: «Біздің Шәміл үш жаста болса да сондай әдемі билейді» деп жазған екен. Ал әкем: «Биші болмаса болғаны» депті. Сол кезде әкемнің аузына салған шығар. Мен педагог болсам да, кейін журналистика факультетін бітірсем де хорегораф болып шықтым. Бұл салаға келуіме де ата-анамның қосқан үлесі көп болған сияқты. Ол кісілер өнерге, ұйымдастыруға жақын болды.
«Карнавалдың» алғашқы қадамы
Қостанайға келгенде №2 орта мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа орналастым. Бұл 1988 жыл болатын. Сол кездері мектепте тәрбиесі қиын балалар көп болды. Балалар полиция есебінде тұрды. Мен педагог ретінде олардың тәрбиесімен айналысуым керек еді. Баланың аты – бала. Оларды қалай да осы бір кезеңнен алып шыққым келді. Оларды жинап алып, мұғалімдер күніне кеш дайындауға кірістік. Балалар маған сеніп, өнерге қызықты. Осылайша мен оларды түзу жолға түсіріп, өнер арқылы бастарын қоса білдім. Осылайша атақты «Карнавалдың» алғашқы аяқ алысы басталған еді. Ол кезде біз «Шамиль и Шамилята» деген атаумен сахнаға шыға бастадық. Кейін өнеріміз көпшіліктің көңілінен шығып, балалардың қатары арта берді. Ол бір тоқсаныншы жылдардың қиын кездері болатын. Сахналық киімдері де жоқ. Қолда барды құрап, тігіп жүрдік. Кейін танылып, қаншама бала тәрбиеледік. Қаншама елді араладық. Ел аралай жүріп қанатымызды қатайттық. Қайырымдылық жасадық. Өнер жолында дос таба білдік. Менің түсінгенім шығармашылықта еш шектеу жоқ.
Қайырымдылық жүректерге ізгілік береді
Балалармен қайырымдылық концерттерін беру үшін еліміздің талай өңірін араладық. Арал, Семей өңірлеріндегі жағдайды айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қандай қиыншылық, жұпыны халық бәрі-бәрі әлі де көз алдымда. Балалар осының бәрін көріп, өмірге деген көзқарастары өзгерді. Олар айналасына жылу шашып, тоқсаныншы жылдардағы қиындыққа қарамастан өнерлерімен көңілдерін көтеруге барларын салатын. Әлі есімде, Арал өңірі бізге түйені сыйға тартқан болатын. Басқа берерлері болмады. Ал балалардың ең алғаш қарттар үйіне барғанда алған әсерлерін көрсеңіз. Олар неге адамдар отбасынан жырақта жүреді деп сұрайтын. Сол кездегі балаларым бүгінде ер жетті. Әрқайсысы әр жақта. Десе де, олардың бойына біз ізгіліктің нәрін құя білдік. Бала көңілі тек шындықты көреді. Сол қалпында қабылдайды. Сондықтан сол кездерден бері біз өнермен қоса қайырымдылықты да қатар алып келеміз. Бізді қолдайтындар да аз болмады. Облыс басшылығында отырған азаматтар қашанда қолдау білдірді.
Шектеу жоқ
Біздің ансамбль қаншама ұлттың өнерін меңгерген. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақтың күйлерін біз өңдеп, биге қосамыз. Өнерде еш шектеу жоқ. Өнер өрендердің басын қоса білді. Қиындықта қол созып, соның рахатын бірге бөлісуді үйрендік. Баламен жұмыс істей жүріп, өзің де бала болып кететінің бар. Оларға бидің тілін үйрету үшін жан-жақтан талантты жандар шақыртылып, сабақ береді. Оның әрқайсысы ерекше. Осының арқасында әр ұлттың өнерін білдік. Ерекшелігін сездік. Осындай тағдырыма ризамын.
Бір арнаға тоғысқан
Мамыр мерекесі мен үшін ерекше мейрам. Себебі, мен бірнеше ұлттың балалары мен өнерін бір арнаға тоғыстырып отырмын. Біздің елде түрлі ұлт өкілі болса да олардың өсуіне, өркендеуіне еш кедергі жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясының да жұмысы ерекше. Егер осындай бірлік, татулық болмаса, кішкентай ғана би ұжымы ел-елді еркін аралап, концерт беріп, тәжірибе алмаса алар ма еді. Сондықтан өнердің шексіз мүмкіндігінің арқасында біздің достығымыз артып, атағымыз шығып, құрметіміз жарасып отыр. Осы байлығымызды бағалай білгеніміз жөн.