Қалқаман Жақып: «Жердің тұтастығы қазақтың бірлігіне байланысты»

Қостанайда Қалқаман Жақыпты білмейтіндер жоқтың қасы. Әуелі, ол – ұстаз, облыстағы жоғары оқу орындарында білім беріп келеді.Ұлттық ұстанымы берік ғалым облыстағы белгілі этнограф ретінде де танымал. Оның ыбырайтану іліміне қосқан үлесін ауыз толтырып айтуға болады. Алтынсариннің өзі ашқан мектебінің кірпішін тауып, оны Қостанайдағы музейдің жәдігері еткен де Қалқаман Хасенұлы болатын. Айтпақшы, ағамызды жұртшылық белсенді спортшы деп те таниды. Желаяқ талай рет облыстық, республикалық марафондарға қатысты, оны ұйымдастыруда да белсенділік танытты. Ағамыз өнерден де құралақан емес. Әсіресе, би өнерін бір адамдай меңгерген. Қалқаман Жақыптың бастауымен 1973 жылы институтта жергілікті «Жігіттер» би тобы құрылады. Биші жігіттер талай мәрте республикалық сайыстарға қатысқан.
Бүгінде жетпістің бесеуіне келсе де, ағамыз әлі де қоғамдық іс-шараларға шақырту алып тұрады, түрлі талқылауларға қатысты. Жақында ғана ономастика мәселесіне байланысты өткен жиында жолығып, осы тақырыпта әңгімелескен едік.
– Қалқаман Хасенұлы, өңірдің ономастика саласында не жаңалық? Соңғы жылдары бірнеше көше мен әлеуметтік нысандардың атауы ауысты. Облыстық басқарма мамандары бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтып отыр.
– Жалпы, тіл, жер-су атауларының байырғы нұсқасын қайтару мәселелері қай кезде де өзектілігін жоғалтпаған. Мен студенттік кезден бастап, осы ұлтқа қатысты дүниелердің бел ортасында жүрмін. Тіпті, ғылыми жұмысымды да осы тақырыпта қорғадым. Кейін дәл осы сала бойынша кандидаттық жұмысымды жазып шықтым. Айтайын дегенім, ономастика ұлттық санамен тікелей байланысты. Ал ұлттық сананы өсіретін – тарих қана! Ел, жер, көшелердегі кейбір идеологиялық, саяси атаулардың ескіргеніне қарамастан, сол атауында қала беретін болса, өскелең ұрпаққа осы өлке сіздердің ата-бабаларыңыздың жері деп қалай айта аламыз? Ел ынтымағы, жер тұтастығы, ең алдымен, қазақ бірлігіне тікелей байланысты. Сондықтан, әсіресе, тарихи атауларды қайтаруда сыңаржақтылыққа салынбай, бірлігімізді көрсету керек.
Кеңес заманында елді мекендердің атауын өзгерткен кезде халықтан ешкім сұраған жоқ. Партия мүшелері ғана жиналып, кез келген мәселені шеше салатын. Ал тоқсаныншы жылдары біз тарихи атауларды қайтару үшін жергілікті тұрғындардың рұқсатын алдық. Көбі өздері тұрып жатқан елдің тарихи атауын білгісі де келмеді. Бұл – шындық. Мысалы, Қарабалық ауданы алпысыншы жылдарға дейін Комсомол ауданы аталып келді. Арғысын айтпағанның өзінде, 1936 жылы Қостанай облысының бас құжатында аудан атауы «Карабалык» деп көрсетілген. Мұрағаттағы құжаттарды бір көтеріп, аудан атауын қайтарғанбыз. Енді қазір етек-жеңімізді жиып, еңсе тіктеген кезде уақыт оздырмай елді мекендердің байырғы атауларын қайтаруымыз керек. Алысқа бармай-ақ, бір ғана «Инспектор көлінің» атауын қайтара алмай отырғанымыз жанға батады.
– Бұл қазіргі «Безымянное озеро» аталып жүрген көл ғой?
– Дәл өзі. Тарихи дерекке көз жүгіртсек, 1883 жылы Алтынсарин отбасымен Торғайдан Қостанай қаласына көшіп келді. Қаладан 2-3 шақырым жерде, Тобыл өзенінің бойындағы кішкене көлдің жағасына өз қаражатымен ағаштан 10 бөлмелі үй салып, жанына қазақы киіз үй тігіп, өмірінің аяғына дейін сонда тұрды. Жергілікті халықтан жеткен деректерге сүйенсек, бұл «Инспектор көлі» деп аталып келген. Алайда, бүгінде көлді жекешелендіріп, тарихи атауын өзгертіп, «Безымянное озеро» деген тақтайша іліп қойған екен. Бұл мәселені сан мәрте көтеріп, айтып жүрмін. Жер сатылса да, тарихи атауы сатылмауы керек. «Инспектор көлін» заңдастырып, Ыбырай бабамызға құрмет көрсетуіміз міндет!
Жер-су нысандарын сатып алу, жалға беру – нарық қоғамының айнымас заңы. Ал жер бола ма, көл бола ма, оларды жеке меншікке бергенде ешқашан да оның түп тарихи атауын өзгертпеуге назар аудару керек. Себебі, ол – халқымыздың тарихы, жүздеген жыл бұрын өмірге келіп, ұлттық санамызда сақталды. Осыны ұмытпайық.
– Сіз көтерген мәселе биыл «Фейсбук» желісінде де талқылауға түсті. Халықтың пікірі екіге жарылады. Бірі тарихи сананың төмендігі десе, екінші тарап тілге деген сұраныстың жоқтығы деп түйеді. Сіз не дейсіз?
– Тарихи сана мен тілді бір-бірінен ажыратуға болмайды. Бұлардың арасындағы тін үзіліп кетсе, жоғарыда айтқан бірлік-берекеміз жоққа шығарылады. Әлихан Бөкейхановтың: «Қай халық болса да, азаттығын тіл азаттығымен байланыстырады», – деген сөзі бар. Жер-судың байырғы атауларын қайтаруды жалпыхалықтық мүддеге айналдыру қажет. Сондай-ақ, оны орысшадан қазақшаға емес, мемлекеттік тілге аудару деп түсінетін кез келді. Бұған этностық, саяси тұрғыда емес, азаматтық позициямен араласу керек. Қалай болғанда да, ең бірінші салмақ, жауапкершілік – топтастырушы қазақ ұлтында, сондықтан бұған мақсатты түрде кірісуіміз шарт. Қазақ тілінің ұлтар-алық қатынас тіліне айналуына қоғам толық дайын. Уақыты келді. Тек оны байыппен, бірте-бірте іске асыру қажет. Әлеуметтануда «Тілдік өлшем»деген түсінік бар. Ол – елде қай тілде тұрғындар басымырақ сөйлесе, оның соншалық абыройы бар дегенді білдіреді. Сондықтан, өзектілігі жойылмай келе жатқан ана тілдің мәртебесін көтеруге барынша мән беретін кез жетті. Ол ең әуелі жоғарғы жақтан басталса игі. Конференция сайын бұрқырап айтылып жататын ұсыныстарымыздың ешқайсысы жоғарғы жаққа жетіп, қарауға алынып, шешімін таба бермейтіні өкінішті.
– Қалқаман Хасенұлы, «Алаш алаңының» анық-қанығын айтып берсеңіз. Облыс деңгейінде көтерілді де, басылып қалды.
– Әңгімені сәл әріден бастайық. Тәуелсіздік жылдары бір ұрпақ алмасты. Сол үшін де жас буын азаттықтың қалай келгенін ұғынулары тиіс. Егемендік оңай жеткен жоқ. Тарих тек тарихшыларға қажет емес, ол – халықтікі. Тарихи сана ұлттық сананы ұштайды. Тиісінше ұлттық сана өз тарихын ұстап тұрады. Тарих парақтарын бір ақтарайық, қазақ елінде Алашшылардың үш ірі орталығы болды. Бірі – Семей, екіншісі – Орал, ал үшіншісі – өзіміздің Тобыл-Торғай топырағы. 2017 жылы Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Міне, осы 100 жылдық қарсаңында баспасөз беттерінде Алаш арыстарына арнап «Алаш алаңы» атты мемориалдық кешен орнату туралы ұсыныс білдірдім. Бұл ұсынысты облыс әкімі Архимед Бегежанұлына да жеткіздім. Облыс басшысы мұны «маңызды шаралардың қатарына» алып, өзінің орынбасары мен Қостанай қаласының әкіміне тапсырма берді.Көпшілік алдында айтылған ұсыныс орындалады деген үміттемін.
Тағы бір айтарым, қазір орталықта Байтұрсынұлы көшесінде Ахаңның ескерткіші тұр. Енді мына жағыңызда Дулатов көшесіне неге Жақаңның ескерткішін орнатып қоймаймыз? Бұл ұсынысты М.Дулатов атындағы университеттің ректоры Сәбит Есмұратовқа айттым. Ректор мұның дұрыс екенін айтып, мені қолдады.
Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстанға» жариялаған тарихи мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», – деп қадап айтты «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи-философиялық мақаласында.
Үнемі айтып жүрген «Алаш алаңы» ұсынысымнан кейін жастар жағы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік» монументі болса деген тілек білдірген екен. Орынды. Екі ұсыныс үндесіп-ақ тұр. «Алаш алаңындағы» «Тәуелсіздік» монументі қандай жарасымды, көңілге қонымды, бұл өткен бүгінгінің алтын көпіріндей емес пе!
– Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Сөз жоқ, осы уақытта қаншама шаруа тындырылды. Үш онжылдыққа тарихи тұрғыдан қандай баға бересіз?
– Тарих үшін 30 жыл қас-қағым сәт. Бірақ, біз, Қазақ елі осы 30 жылды ғасырға бергісіз уақыттай тиімді де ұтымды пайдалана білдік. Батыстың кей елдері осындай уақытты 6-7 ғасырда жүріп өткен еді. Мұны тарих дәлелдеп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай,осы 30 жылды үш ондық белес деп қарауға болады. Бірінші онжылдықта жаңа Қазақстанның іргетасы қаланды. Бұл кезеңдебилік жүйесі қалыптасты, мемлекеттік нышандар, валюта айналымға кірді, қарулы күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданып, шетелдермен елшілік қатынас орнады. Еліміз көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылданды, көршілерімізбен шекара бекіттік. Ядролық қарудан бас тартып, елорда Арқа көшіне ауысты, ел нарықтық қарым-қатынасқа көшті. Екінші онжылдықта мемлекетімізді нығайтуға, мәдени мұрамызды сақтауға екпін түсірілді. Мәдениет саласында мемлекеттік бағдарламалар іске асырыла бастады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьездерінің өтуі Қазақ елінің бейбітшілік бесігіне айналғанын дәлелдейді. Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеді. Әлем бізді таныды, бізбен сыйласты әрі санасты. Қазақстан 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын жариялады. Еліміз озық отыз елдің қатарынан көрінуге бет алды, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» бағдарламалары жемісін бере бастады. Келесі онжылдықтың міндеті – қуатты ел болу. Әлеуеті асқан, бірлігі мықты ұлт болуды мақсат етеміз. Әділетті қоғамда өмір сүру әлеуметтік ахуалымызды жақсартады дер едім.
 
Сұқбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓