Тіл үйретер таптырмас алаң
Рудныйда «СөйлеTime» жобасы жүзеге асырыла бастады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімімен бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз», деген болатын. Осыған орай Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімованың бастамасымен қолға алынған «Сөйле Time» жобасы кеншілер қаласына да келіп жетті. Сәрсенбінің сәтінде Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде «СөйлеTime» қазақ тілінде сөйлесу клубының салтанатты ашылуы мен алғашқы отырысы өтті. Оған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекинова, Рудный қаласы әкімінің орынбасары Елена Скаредина, зиялы қауым өкілдері мен клубтың жаңа мүшелері қатысты.
– Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерем деушілерге барлық жағдай жасалған: тілдік орта бар, аймақтың аудан-қалаларында тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істеп тұр. Бұған енді «Сөйле Time»-ды қосыңыз. Барлығы тегін, ниетің болса кедергі жоқ, қолдау көп. Сол себепті рудныйлықтарды клуб жұмысына белсенді араласуға шақырамын! Қатарларыңыз толыса берсін,– деді Гүлжан Ермашқызы.
Жаңа жобаның мақсаты айқын – халыққа қазақ тілін заманауи, еркін форматта үйрету. Ерекшелігі ешқандай мұғалім, баға қою, сынақ алу деген болмайды. Тек кездесуді үйлестіруші модератор болады.
Кездесуде одан әрі украин қызы, Наурызым ауданы Қарамеңді ауылының тумасы Виктория Дорошко сөз сөйледі. Оның қазақша мінсіз сөз саптауы көпшілікті таң қалдырды.
– Біздің көршілеріміздің бәрі қазақ болған, балалармен ойнап жүріп-ақ тіл үйрене бастадым. Оның үстіне ата-анам мені қазақ тілінде оқытатын балабақшаға берді, онда тәрбиешілер тек сол тілде сөйлесетін. Кейін орыс мектебінде оқысам да қазақ тілін ұмытқаным жоқ. Қайта түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, білімімді шыңдай түстім, – дейді ол.
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің түлегі Виктория биыл «Тұран Астана» университетінің оқу грантын жеңіп алған. Болашақта ағылшын тілінің мұғалімі болуды мақсат тұтып отыр.
– Қазақ тілі – өте көркем, әрі бай тіл. Орыс тіліндегі бір ғана сөздің қазақ тілінде ондаған баламасы болуы мүмкін. Сол себепті, кейбір сөздерді орысшаға дәлме-дәл аударғанда мағынадан мән, маңыз қашады. Абайдың, Ыбырайдың шығармаларын, қанатты сөздерін аудармада емес, түпнұсқасын түсініп, біліп оқи алатындығыма қуаныштымын. Бүгінде қазақ тілді меңгергенім үшін, мені құрметтейтін достарым, таныстарым көп. Өйткені қай ортада болмасын өзімді еркін сезініп, әңгімеге оңай араласамын. «Сөйле Time» клубы уақыт өте келе рудныйлықтардың арасында зор сұранысқа ие болатындығына сенімдімін, – дейді Виктория Дорошко.
Қазақ тілін кішкентайынан емес, есейгенде үйренгендердің бірі – Ольга Гаджиева. Ол Металл илектеу зауытының қызметкері. Айтуынша, мемлекеттік тілге бетбұрыс жасау – өз тіліңе балта шабу емес, керісінше, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
– Көптеген замандастарым ең күрделі саналатын қытай тілін елімізде жүріп-ақ үйреніп жатыр. Оның қасында қазақ тілі «жаңғақ шаққандай». Практика керек болса – айналаңның көбі қазақ. Бұрын тілдерді оқыту орталығының курсын сәтті тәмамдап шыққан азаматтар клубтың кейінгі отырыстарына шақырылса, тіл меңгеру деңгейін одан әрі арттыра алатыны анық, – дейді орыс қызы.
Іс-шараның екінші бөлімі Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында» тимбилдинг форматында ұйымдастырылды. Қалалық тілдерді оқыту орталығының ұстазы, модератор Назгүл Мұңбаева емін-еркін атмосфера қалыптастыру үшін қызықты тапсырмалар мен ойындарға кезек берді. Тіл, бірлік тақырыбында сөз қозғап, келушілердің қызығушылығын арттырды.
Рудный қалалық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Жаңбыршина осыған дейін облыста «Сөйле Time-ның» алты кездесуі өткенін алға тартады.
– Жеті – халқымыз үшін киелі сан. Сол себепті бүгінгі кездесуіміздің нәтижесі өте жақсы болғанын тілеймін. Клуб мүшелерінің келесі кездесуін «Достық» саябағында, одан кейін жастар ресурстық орталығы мен Рудный индустриялық институтында өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Жанна Ерманқызы.
Іс-шараның соңында қатысушылар «Мен, сен, бәріміз» атты «Сөйле Time» клубының әнұранын бірігіп шырқап, естелік фотоға түсті.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ