Білімге мән берілді
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысын өткізіп, облыстың білім беру саласын дамыту мәселесін қарастырды.
Қолжетімді және сапалы білім – барлық деңгейде басты міндет болып қалады. Мектептер үшін қазіргі қашықтықтан оқыту жағдайындағы олқылықтарды жойып, білім сапасын арттыру қажет. Алқа отырысында білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова білім беру жүйесінің алдында тұрған бірқатар басым мәселелерді атап өтті. Ең алдымен, бұл – мемлекеттік тілде оқытатын білім беру ұйымдарының аясын кеңейту. Мемлекеттік тілде топтар мен сыныптар ашу ғана емес, мектепке дейінгі мекемеден колледжге дейінгі білім беру ұйымдарында оны сабақтастығын сақтау, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
Сондай-ақ, 97 ауыл мектебін мектептер желісінің кепілдендірілген нормативіне келтіру мәселесі де қаралды. Осы мектептер бойынша шешім қабылдау кезінде барлық факторлар ескерілетін болады: ауылдың келешегі, контингентті ұлғайту мүмкіндігі, кадр мәселесі, оның ішінде педагогтердің тұруы үшін жағдай жасау.
Мектеп құрылысы мен білім беру нысандарын күрделі жөндеу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылға дейін облыста 13 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сондай-ақ, 46 білім беру ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4 млрд теңге сомасына айтарлықтай қаражат бөлінді, оның 10-на 3,2 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жасалады. Соңғы екі жылда облыста білім беру объектілеріне 267 күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Қамысты ауданының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов пен Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбеков жергілікті атқарушы органдардың өз өңірлерінің білім беру саласына жағдай жасау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді. Техникалық және кәсіптік білім беру директорлар кеңесінің төрағасы Серікбай Қадыров техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы табыстылық кластері ретінде материалдық-техникалық базаның маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының негізгі талабы – техниканы, технологияны және жаңа технологияны тиімді қолданатын білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Өткен жылы 3 колледж 969,9 млн теңгеге заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Осы жылы тағы 7 колледждің материалдық-техникалық базасын 1 969,5 млн теңгеге жаңғырту жоспарлануда.
Отырыс қорытындысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мектептерді білім беру ұйымдарының мемлекеттік нормативіне сәйкес келтіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Білім беру саласының алдында тұрған міндеттердің маңыздылығын, барлық тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындау қажеттігін атап өтті.