БІРЛІКТІҢ, ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ 30 ЖЫЛЫ

Елордада елі­міздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақ­стан халқы Ассамблея­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXIX сессиясы өтті. Жиынға Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

 «Биыл – Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдық мерейтойы. 1991 жыл еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тари­хи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағды­ры үшін жауапкершілік алу уа­қыты. Соның барлығын өзіміз ба­сымыздан кешіріп, көзіміз­бен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпкон­фессиялы халқымыз еліміз­дегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады.

Осы ретте басты камертон қыз­метін «Бiз, ортақ тарихи тағ­дыр бiрiктiрген Қазақстан хал­қы» деген сөзбен басталатын Конституциямыздың преамбу­ласы атқара алады. Бұл сөйлем өте маңызды. Сондықтан Конс­титуцияны жазу барысында оған ерекше мән берген едім. Ата заң ұлтына, сеніміне немесе тіліне қарамастан барлық отан­дасымыздың ортақ мүддесін білді­реді. Конституциямыздың 11-бабы мем­ле­кетіміздегі бір­лікті, бейбітшілік пен келі­сімді бекі­теді, қорғайды және ны­ғай­тады. Елі­мізде тіліне, дініне, ұлтына бай­ла­нысты белгілер бойынша қан­дайда бір кемсітушіліке тыйым салынады», деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Елбасы қазіргі таңда қазақ халқы по­лиэтникалық қоғам­ды шоғырландыратын инте­гра­циялық процестердің арқауын қалыптастырғанын жеткіз­ді. Осылайша, еліміздегі этнос­тардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағ­дай жасалды. Соның аясында қазақ­стан­дықтар ортақ мақсат пен ор­тақ ұм­тылыстың төңірегіне топ­тасты.

Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде саяси қуғын-сүргіннен зардап шегіп, аштыққа ұшырағандарға да тоқталды. Тарихымыздағы осы қайғылы кезеңде қудаланып, шетелге ауған халықтың тәуелсіздік алғаннан кейін өз Отанына оралғанын атап өтті.

«Қазіргі кезде Қазақстан жаңа жауап­кер­шілікті кезеңге аяқ басып отыр. Бұл сәт пандемия, жаһандық экономикада дағдарыстық құбылыстардың күшеюі, алдыңғы қатарлы әлемдік ойыншылардың геосаяси бәсекелестігінің ушығуы кезеңімен сәйкес келді. Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жағдайда елі­міздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты ойластырылған, сындарлы сая­сатты жүргізуді жалғастырып келе жат­қанына сенімдімін. Сондықтан біз осы қадамдарды қолдауымыз керек. Бұл саясат барша қазақстандықтардың мүд­де­сіне және ұлтымыздың әрі қарай дамуы мақсатында қызмет етеді», деді Елбасы.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассам­блеяның барша мүшесіне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көр­сеткені үшін алғыс айтты.

«Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы туралы» Конс­титуциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны бас­қа­рудың бірқатар өкілеттері ел Пре­зи­дентінің құзырында. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Мемлекет басшы­сының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақ­стан халқы Ассамблеясын басқару құқы­ғын Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл ше­шім Ассамблеяның мүддесіне сай ке­ліп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­қа барлық жұмысты, сондай-ақ хал­қы­мыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс екенін атап өтіп, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға уәде берді.

– Ең алдымен, сенімдеріңізге шын жүректен алғыс айтамын. Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат. Сондықтан осы міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді, – деді Президент. – Ассамблея – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бірегей құрылым. Басқа мемлекеттер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастады. Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру – аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «Береке басы – бірлікте» деген қастерлі қағиданы ұстандық. Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ете­тін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келі­сімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз, – дей келе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

Сессияда сөз алған Ассамблея мүше­лері ұйымның елдегі ынтымақ пен тату­лықты орнатудағы рөлі туралы ой қосып, алдағы міндеттер туралы пікірлерін ортаға салды.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қоныс аударған «Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы тілшісі Заңғар Санай қандастардың қоғамға бейімделуі мен интеграциясын жеделдету туралы ойын айтып, ұлы көштің тоқтамауын тіледі.

– Мен атажұртқа келгенде он жастағы ойын баласы едім. Осы іргесі нық, егемен елде еш алаңсыз еркін өсіп, ержеттім. «Нұрлы көшпен» елдіктің елеулі 30 жылында бір миллионнан астам адам атамекенге оралды. Әлбетте, әр қандас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не берем» деген кемел оймен келді. Қазақта «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, Қызыр оның талпынысын күтеді» деген нақыл сөз бар. Яки біздің қолымыздан келген істі, өзге де қандастар ілгерілете алады. Сондықтан  сырттағы қазақтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырамын, – деді ол.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассам­блеясының мінберінен Павлодарлық Инна Гловацкая, алматылық Аладин Мұс­­тафаев, Қазақстанның ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Кайрыев, армян ұлтының өкілі альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Әуезова, неміс этносының өкілі, Қазақстан темір жол жүк тасымалдаушылары қауымдастығының бас директоры Евгений Больгерт, «Үміт» балалар үйінің көркемдік жетекшісі Евгений Выблов, өнер саласының өкілі Әлібек Әлмәдиев сөз сөйледі.

Ассамблея сессия соңында халыққа Үндеу қабылдап, тәуелсіздікті, елдегі тату­лық пен келісімді күшейтуде Елбасы­ның бастамасымен құрылған, қызметі айрықша Қазақстан халқы Ассам­блея­сының алдағы міндетін айшықтады.

Сессия жұмысына өңірлер әкімдері – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалала­р­ындағы және облыстардағы ҚХА құры­лымдарының төрағалары, орталық мем­лекеттік органдар басшылары, Пар­ламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, аймақтық және республикалық этномәдени бір­лестіктердің төрағалары, саяси партия­лар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, ғылыми, шы­ғар­машылық интеллигенция өкілдері – барлығы 550-ден астам адам қатысты.

 

Ақпарат egemen.kz сайтынан алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓