Үзіліс жариялауға мәжбүр болды
Бүгін облыстық сотта Қостанайдың бұрынғы әкімі мен орынбасары және олардың сыбайласы болды деп айыпталып, сотталғандарға қатысты шағымды қарау отырысы басталды. Үстіміздегі жылдың 11 сәуір күні Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Қостанай қаласының экс-басшысы Ахмедбек Ахметжанов қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде өтеу жазасымен 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұрынғы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Қалиевті жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтесін деген үкім шығарды. Кәсіпкерлер де қатаң жаза алды. Сот «Шарт-Астық» ЖШС директоры Леонид Васильевке 14 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады. «Стройметсервис-2007» ЖШС директоры Сергей Биктибаев 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, «Сыл» ЖШС басшысы Гагик Овнанянды сот 10 жылға сотталсын деген үкім шығарды.Бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлердің барлығы мемлекеттік қызмет пен қаржылық-шаруашылық мекемелерін басқару құқығынан біржола айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Қостанайда су бұру тармақтарын жүргізуге бөлінген 940 млн. теңгенің құрылысын «АИФ» ЖШС-нің пайдасына шешіп бермек болған Леонид Васильев пен Сергей Биктибаев аталған фирманың жетекшісі Аркадий Воловскийді пара беруге көндіреді. Алғашқы 8 млн. теңгені сол жылы маусымда Мақсұт Қалиев арқылы Ахмедбек Ахметжановқа жолдаған. Кейін Васильев пен Биктибаев «АиФ» директорынан тағы 62 млн. теңге бопсалайды. Оның 38 миллионы жоғарыдағы су құбырының «алғысы» үшін, 24 млн. теңгесі Жітіқара қаласындағы индустриалды аймақтың құрылысын жеңіп бергені үшін «сыйақы» мөлшері.
Бұған дейін Қостанай қаласындағы 280 орындық балабақша құрылысы да талан-таражға түсе жаздады. Мемлекеттік байқауда заңды түрде жеңіп тұрған «Ұлан» ЖШС бастауға тиіс бөбекжай құрылысына Ахметжанов араласып, қалалық құрылыс бөліміне оны Сергей Биктибаев басқаратын «Стройметсервис-2007» серіктестігіне бұрып беруге бұйрық береді. Осы «еңбегі» үшін қаланың экс-басшысы 2014 жылдың аяғында Биктибаев пен Васильевтен 3,4 млн теңге пара алған.
Ал 2014 жылдың тамыз айында Ахметжанов мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жарияланған мемлекеттік байқауда Гагик Овнанян басқаратын «Сыл» ЖШС-ін заңсыз тұрғыда жеңімпаз деп тапқан. Осы «жомарттығы» үшін шаһар басшылығы серіктестік жетекшісінен мемлекеттен ұтып алған 826 млн. теңгенің 10% «үлесін» алатын болып келіскен. Өткен жылдың сәуірінен тамыз айына дейін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев Гагик Овнаняннан 74 млн. теңгені бірнеше рет бөліп-бөліп алыпты. Ол бұл ірі көлемдегі қаражатты тікелей басшысына жеткізіп отырған. Мақсұт Қалиев 1 тамыз күні Гагик Овнаняннан кезекті 13 млн. теңгені алып жатқан жерінен ұсталды.
Сот үкімінен бөлек, Ахметжанов, Васильев және Биктибаевтан мемлекет қазынасына 67,5 млн. теңге және мемлекеттік баж ретінде әрқайсысынан 674 мың теңгеден өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Бұның сыртында барлық сотталушылардың банктік есеп-шотындағы ақша мен жылжымалы және жылжымайтын мүлік тәркілеуге алынсын деген шешім оқылғанын айта кету керек. Судьяның тек жоғарыда айтылған қаржылай өндіріп алу, мүлікті тәркілеу туралы шешімін оқуға 20 минуттай уақыт кетті. Олардың арасында қаншама пәтерлер, офистер, мейрамхана, жер телімдері, қымбат автокөліктер, жылқылар бар. Тіпті, бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлердің смартфондары да мемлекет меншігіне өтетін болды. Жылқы демекші, бұған дейін «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында бағылып келген Васильевтің 37 Қамбар ата түлігі де қазынаны толтыратын болып шешілді. Ал кәсіпкерге арғымақтарын күтімге алған «Қазақ тұлпарына» 5,2 млн. теңге өндіріп беру міндеттелді.
Бүгінгі отырыс алғаш болып экс-әкім Ахмедбек Ахметжановтың, оған қарсы мемлекеттік айыптаушылар және қорғаушылардың уәждерін тыңдаудан басталды.
Прокурорлар сотталушыдан қылмыстық жолдармен келген 85,4 млн. теңге өндіру туралы шағым түсірді. Алайда Ахметжанов өзін еш дәлелсіз сотталғандығын айтып ақталды:
– Мен біреуден тікелей ақша алды деген не құжат, не видео айғақ жоқ. Барлығы куәгерлер мен сотталушылардың көрсетуімен жүзеге асырылды. Мен тек өзімнің мемлекеттік байқау өткізілген кезде қоластымдағыларға қадағалау жасай алмаған салғырттығымды ғана мойындаймын, 13 жыл үкіммен келіспеймін. Сол себепті, мені соттың ақтауын сұраймын.
Алғашқы сот отырысының басталғанына екі жарым сағат өткенде, Ахметжанов өзін нашар сезінгендігін айтып, судья үзіліс жариялауға мәжбүр болды.
Қыдырбек Қиысханұлы